Хабар телеарнасы

СҚО-да 300-ге жуық тұрғын жер үлестерінен айырылып қалды

Көмек сұрап тұрған жандар – Балуан ауылының тұрғындары. 2009 жылы олардың жер телімдері «Казипрохем Агро» серіктестігіне өткен. Кейін бұл фирма басшысы элиталық тұқым сатып алып, халықтың келісімінсіз жерді банкке кепілге қойып жіберген. 

Торғын Әбдірахманова, пайшы:

- Содан кейін ол жер сатылып кеткен. Бірақ бізге сендердің жерлерің сатылған деген не аудандық әкімдіктен не жергілікті әкімдіктен ешқандай хабар келіп түскен жоқ. Сол қалпында бұрын 6 мың теңге пай берді ме, сол 6 мыңды бере берді.

Осылайша 286 адамға тиесілі 4 мың 300 гектар жер 2011 жылы үшінші тұлғаға 25 миллион теңгеге сатылады.

Бақытжан Ғабдуллин, пайшы:

- Қазір ауылға барғанда жүрегің ауырады. Ертең ел жұртымызға, ұрпағымызға нені көрсетеміз? Сендердің ата-бабаларың туған жер деп көрсету обал. Өте өкінішті жағдай болып тұр.

Қазір 200-ден астам адамға 6 мың теңгеден дивидент беріледі. Қалғандары бұл үлестен де қағылып отыр.

Иқан Қаршалов, пайшы:

- Осы халық ашынып ақпан-наурыз кезінде жиналамыз дегенде біздің ауданның әкімі мен прокурор екеуі тоқтатты. «Сендер бұл жерді ала алмайсыңдар. Жер заңды түрде сатылған», - деген. Ал құжатқа біз қол қоймадық.

Рахат Смағұлов, Шал ақын ауданының әкімі:

- Енді ол жерді қайтаратын мүмкіндік бар-жоғын әзірге айта алмаймын. Оны сот шешеді. Бірақ заңгерлердің барлығын қосып, жұмыс істеп жатырмыз. Іс барысын прокуратура бақылауда ұстап отыр.

Жерінен айырылған жұрт талай табалдырық тоздырыпты. Бірақ сағызша созылған түйткіл түйіні әлі тарқалмаған. Жергілікті адвокаттардан көмек болмаған соң, мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін Алматыдан және елордадан заңгер сарапшылар келді. 

Бақытжан Базарбек, заңгер:

Нотариустың тарапынан заңсыздықтар орын алып отыр. Жалған материалдар, хаттамалар рәсімделген. Оған қоса мынау кепілге шартты жер үлесі басқа банкке кепілге қойылып отыр. Ал кепілге қою үшін кемінде шартты жер үлесі қатысушыларының келісімі және тиісті хаттама болуы керек. Ол хаттама жоқ. Бұл жерде бір ғана заңбұзушылық емес, өте үлкен қылмыстық құрамы бар бірнеше іс әрекет орын алып отыр. 

Заңгерлер жер кодексінің негізгі баптары бұзылғанын айтуда. Сондықтан оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігіне беріп, қылмыстық іс қозғауды талап етпек.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев