Хабар телеарнасы

Елбасы кітапханасында «Біз – ел патриотымыз» атты халықаралық жастар форумы өтті

Бас-аяғы 300 адам төбе көрсеткен салтанатты шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Әрі Мемлекеттік рәміздер күнімен тұспа-тұс келген. «Сондықтан жиынның символикалық мәні айрықша», – дейді қатысушылар.

Аталмыш форум ерекше көтеріңкі көңіл-күймен өтті. Азаттық таңының арайлап атқанына 30 жыл, мемлекеттік рәміздер күні – қос қуаныш қатысушылардың көкірегін кернеп тұрғандай. Ешкім бұны жасырып қалмады, сарай ішінде ұлттық рухтың лебі есіп тұрды. Әуелеген Әнұран жиынның әрін кіргізсе, желбіреген көк жалау жастардың жігерін жалындатты. Осылайша, салтанатты жиынның сәні мен салмағы арта түсті. Торқалы тойдың шымылдығы Елбасы сәлемімен түрілді.

Бақытжан Темірболат, «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы» мемлекеттік мекемесінің директоры:

- Тәуелсіздіктің мерейлі 30 жылдығы аясында ұйымдастырылып отырған бүгінгі форуммен баршаңызды құттықтаймын! Жастар – қоғамның қозғаушы күші, үкілі үміті. Егемендік жылдары елімізде санасы азат, ойы сергек, тұтас бір жаңа буын қалыптасып, өсіп, жетілді. Біз Тәуелсіздігіміздің бұл белесіне жарқын жетістіктермен аяқ басып отырмыз. Өскелең ұрпақтың ертеңі үшін мемлекет тарапынан маңызды шешімдер қабылданып, тың бастамалар қолға алынды.

Бүгінгі тәуелсіз елдің тегеурінді жастары бақытты. Мұны тоқсаныншы жылдардың тоқырауын көрген зиялы қауым өкілдері тілге тиек етуден жалықпады. Енді қайтіп ондай күнге оралмау үшін тәуелсіздіктің тұтқасын берік ұстауымыз қажет.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- Тәуелсіздік біз үшін тәу етер жалғыз киеміз. Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ғасырлар бойғы аңсар арманы, біздің ұлттық идеямыз. Сондықтан ел ертеңі жастар үшін тәуелсіздіктен асқан асқақ мұрат, асқаралы құндылық болмауы тиіс. Кезінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Жас қазақстандық азамат дегеніміз – бұл тек қана құқық емес, бірінші кезекте өзі, өзінің отбасы және біздің отанымыз үшін жауапкершілік екенін есте ұстаулары тиіс» - деген еді.

Егемендік алып, елдік орнатқан Елбасының жастарға деген ықыласы ерекше. Әр жасты қанатының астына алып, жағдайын жасады, бағыт-бағдарын берді. Қазір кемел келешекке бастайтын бұл жүйе өз жолын тапты. Нәтижесінде көптеген жастың шам-шырағын жақты.

Айнұр Кәрібозова, Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті:

- «Болашақ» бағдарламасы – мемлекеттің жастарды қолдаудағы саясатының іс жүзіндегі көрінісі. Соның ішінде «Болашақ» халықаралық стипендиясы өздеріңіз білесіздер, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары қиындық тәуекелдері мол жылдарда Тұңғыш Президент – Елбасымен тағайындалған сол 28 жылдық іске асырылу кезеңінде еліміздің 14 мыңнан астам азаматы стипендия иегері атанған. Сол түлектер бүгінгі таңда әлемнің озық жоғарғы оқу орындарында еліміздің нарығындағы ең сұранысы жоғары тапшы мамандықтар бойынша білімін алып, қазіргі таңда еліміздің игілігіне қызмет етуде.

Бүгінде халқымыздың 20% – 14 пен 29 жас аралығындағы жастар. Ал жасөспірімдер мен балаларды қоса есептегенде қазақстандықтардың тең жартысы жастар екенін байқауға болады. Аға буын жас болса да, бас болатын талантты ұрпақты тәрбиелеуге ұдайы күш салып келеді. 

Санжар Тайжан, инженер, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы:

- Дәл қазіргі уақытта біз ұжымымызбен Илон Маск ұйымдастырған сайыстың финалына шықтық. Электрокарларды даярлайтын идеяларымызды ұсындық. Келешекте жарысты сәтті аяқтап, Қазақстанға келіп, отандық электрокарларды құрастыруды жоспарлап отырмыз. Біз әлемге өзіміздің қолымыздан ғаламат дүниелерді жасай алатынымызды дәлелдегеміз келеді. Және біз жасай аламыз.

Бұл бала болып, былдырлап айтқан қиял емес. Нақты іс-әрекеттің жоспарын бекіткен жас тұлға. Осыдан қарада тұр, бұл жігіт болашақта тұтас ел мақтан тұтатын айбынды азаматқа айналуы бек мүмкін. Аға буынның артқан үміті осындай. Бірақ шыққан биігі шың болса да, ата тек, төл тарих, ұлттық сана ұғымы жадында болу шарт. Бұл барлық ел жастарына қатысты. Мемлекеттік хатшы осыны меңзеді.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- Қазақ елінің жарқын болашағы үшін жастарымыз терең ақылмен, қажыр-қайратпен тынбай еңбектенуі қажет. Бұл ретте сапалы білімді саналы білімге негіздеу өте маңызды. Отанымыздың кемел келешегі жастарымыздың рухани мұрамызды игеріп, төл тарихымызбен мақтануына, өз ұлтын шексіз сүйіп, өзге ұлттарды құрметтеуіне тікелей байланысты. Бүгінгі форум жастардың ұлттық жаңғыру жолындағы ұлы мұраттарға жол бастауына ерекше серпін берсін деп тілеймін.

Әсілі, мемлекеттің дәрежесін жастарға қарап анықтайды екен. Бұл әлемнің ұстазы Әл-Фарабидің ұстанымы. Уақыт өткен сайын әлгі нақыл сөздің қадірі әспеттеліп жатқандай. Оған – бүгінгі жас ұрпақтың іс-қимылы дәлел. Бірі тың туынды ойлап тапса, енді бірі қайырымдылық жасаудан алдына жан салмайды. Айтпақшы, отан алдындағы борышын өтеп, әскери қызметкер атанғысы келетін патриоттардың қатары жыл санап артып келеді.

Сәулет Қалдашов, ҚР Қарулы күштерінің бас әскери медициналық басқармасының бағыт аға офицері:

- Қазақстандық патриотизмнің үлгісі болып, соған шақырушы негізгі патриотизмді оятушы – әскерилер деп ойлаймын. Әскери қызметшілеріміздің мынау әлеуметтік жағдайына ден қоюына байланысты және оның материалдық-техникалық жағынан жасақталуына көңіл бөлінуіне байланысты біздің мынау әскери қызмет өте қызықты және тартымды болып келе жатыр. Сондықтан біздің қатарымызда, әрине, мектеп бітіргеннен кейінгі жастар одан кейін жоғары оқу орнын бітірген жастардың қызығушылығы көп. Сондықтан бізде ел қорғайтын қорғандар көп деп есептеймін.

Бірлік Берікұлы, тілші:

- Бәрін айт та, бірін айт. Жастар форумының тәу еткен тәуелсіздіктің 30 жылдығының қарсаңында рәміздер күнімен орайластыра өткізілуі бекер емес. Байқасаңыз, астарында мағыналы мән жатыр, салтанатты сән жатыр. Себебі елдіктің, егемендіктің, жалпы ел ертеңінің тұтқасы – ұлттық рухтың уызынан нәр алған ұл-қыздарымыздың уысында. Сондықтан алдыңғы буын ағалар жалындаған өрендердің басын қосып, тағылымы мол, тәрбиелік мәні тереңге тартқан қастерлі құндылықтарды насихаттады. Қысқасы, бабадан аманат болған ауыр міндетті өскелең ұрпақтың қолына табыстау – ежелден келе жатқан дала заңы. Тәуелсіздіктің тұмарына айналған рәміздерді қал қадірінше әспеттеп, оны құрметтеу – біздің парыз.