Хабар телеарнасы

Алматыда Esquire Club мүшелерінің алғашқы мәдени іс-шарасы өтті

Елімізге танымал өнер жұлдыздарының басқосуын Esquire ерлер журналының қазақстандық нұсқасын шығарушы Partners Media Group баспа үйі ұйымдастырды. Кездесуде клуб мүшелері мәдени өмірде болып жатқан оқиғаларды талқылап, бір-бірімен пікір алмасты.

Esquire Club мүшелерінің кезекті кездесуі Сhaplin Cinemas кинотеатрларында өтті. Соған орай британдық кинорежиссер Гай Ричидің «Адамзаттың ашуы» атты киносы көрсетілді. «Бұл кинотуындының экранға шығуы әлемдік киноиндустрия үшін айтарлықтай елеугі оқиға болды», – дейді мамандар.

Альмира Тұрсын, актриса:

- Esquire клубының ұйымдастыратын барлық мәдени іс-шараларына қатысуға тырысамын. Осылайша, бұрынғы өмір қайта қалпына оралып жатқаны қуантады. Бір-бірімізбен қарым-қатынас жасап, еркін пікір алмасуға мүмкіндік береді. Журналдың тұрақты оқырманымын. Бәріміз кино көріп, артынан талқылаймыз.

Esquire Club ұйымдастыратын әрбір мәдени іс-шараның мақсаты – өнер адамдары мен бұқаралық ақпарат құралдары саласында еңбек етіп жүрген мамандардың басын қосып, мәдениеттің дамуы жайында ой бөлісу. «Солардың барлығын сараптап, журналға мақала немесе сұхбат ретінде дайындаймыз», – дейді журналдың бас редакторы Александр Медведев.

Александр Медведев, Esquire журналының бас редакторы: 

- Қазір мерзімді баспасөз үшін оңай кезең емес. Сондықтан біз заман ағымына қарай бейімделуіміз керек. Оқырман сұранысына сай болатын журналдың тұжырымдамасы мен ұстанымына өзгеріс жасап жатырмыз. «Өнер мен мәдениет» тақырыбына көңіл бөлеміз. Соңғы жылдары елімізде дарынды актерлер, режиссерлер, жазушылар шығып жатыр. Бірақ олардың көбісін жұрт тани бермейді. Біздің мақсатымыз – сондай адамдардың өмірі мен шығармашылығын оқырманға таныстыру.

Жалпы Esquire ерлер журналының қазақстандық нұсқасы елімізде 2005 жылдан бастап шығады. Таралымы – 20 мың дана. Тұрақты оқырмандарын қалыптастырған басылым бетінде саясат, бизнес, өнер, спорт, сән үлгісі сынды тақырыптар қамтылады.

Авторлары: Алмас Садуақас, Радик Жақыпов