Хабар телеарнасы

Маңғыстау өңірі халықты жаппай вакциналау жағынан еліміз бойынша көш соңында тұр

Өңірде 740 мыңдай адам бар. Ал кез келген азамат өзіне ыңғайлы 38 егу кабинетінің біріне бара алады.

Вакцина қоры да жеткілікті. Спутник-V, QazVac, Hayat Vax препаратының І және ІІ компоненттері тұрақты түрде жеткізілуде. Соған қарамастан шалғай аймақ халықты жаппай егу бойынша көш соңында тұр.

Анатасия Черевко балалар киімдері дүкенінде сатушы болып істейді. Адамдармен күнделікті қатынаста болуына қарамастан вакцина алуға құлқы жоқ. 36 жастағы әйел бетперде тағып, беті-қолын жиі жуып тұруды жеткілікті деп ойлайды. 

Анастасия Черевко, қала тұрғыны:

- Вакцина алудан қорқамын. Оның ағзаға қандай әсері барын білмеймін. Жалпы бұл дәрілер қысқа мерзімде дайын болды. Толық зерттелмеген деп ойлаймын. Сондықтан ертең қалай боларына сенім жоқ.

Ал Әлия есімді банк қызметкері емханаға өз еркімен келіп, екпенің екінші компонентін алды. Айтуынша, алғаш мәрте салғанда аздап дене қызуы көтерілген. Көп кешікпей, өзін жақсы сезінеді. Отбасы мүшелерінің барлығы да вакцина салдырыпты.

Әлия Көптілеуова, қала тұрғыны:

- Вакцина алған дұрыс. Ағзаның қорғаныш қабілетін көтереді. Ауырған жағдайда жеңіл болады. Отбасым, сіңлім де екпе алды. Ата-анам ­– 70-тен асқан кісілер. Осы демалыста екпе салдырамыз деп отыр. 

Маңғыстау өңірі халықты жаппай вакциналау жағынан еліміз бойынша төменгі орында тұр. Бастапқыда аймақта 16 егу кабинеті болған болса, қазір 38-ге жетті. Денсаулық сақтау басқармасындағылар түсіндірме жұмыстарының кідіріссіз жүріп жатқанын айтады.

Нұрбол Оқуов, Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

- Бұл жерде тұрғындардың белсенділігі маңызды. Қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінсе екен. Маңғыстауда басқа өңірлермен салыстырғанда халық саны аз деп айтуға болады. 5 аудан, 2 қала бар. Екіншіден, расталмаған жалған ақпараттардың әлеуметтік желілерде жиі айтылуы себеп. Яғни вирустың барлығына әлі күнге дейін сенбейтін топтар бар. Олар вакцина алмау керектігі жөнінде үгіт-насихат жүргізеді. Бұл дұрыс емес.

Тұрғындарды вакциналау жұмыстарының кедергісіз жүруі – «Nur Otan» партиясының бақылауында. Мониторингтік топ қала аумағындағы 6 егу кабинетіне барып, тексеру жүргізді.

Аида Ертілеуова, «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы бақылау комиссиясының төрағасы:

- Басты мақсатымыз – халықтан арыз-шағым түсіп жатса, соны міндетті түрде орындау. Денсаулық бәрімізге қымбат. Сол себептен уақытында алған дұрыс деп ойлаймын. Өзім түстен кейін екінші рет аламын.

Тығырықтан шығудың бір жолы ретінде облыс көлемінде 15 жылжылмалы егу бекеті іске қосылды. Дәрігерлер қала жағажайында, сауда орталықтары мен адам көп жүретін орындарда вакцина салуда.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Облыста 740 мыңға жуық адам тұрады десек, әзірге тек 32 мыңдайы екпе салдырды. Дәрігерлер: «Денсаулығы жарамайтын, балалар мен 18 жасқа толмағандар, жүкті және сәби емізетін аналарды есептемегенде 240 мыңға тарта тұрғын екпе алуға жарамды», – дейді. Олардың 60% жылдың соңына дейін вакцина аларына сенеді. Бұл – шамамен 144 мың адам.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев