Хабар телеарнасы

«Хабар» Агенттігі «Қолда я жолда» бағдарламасының қатысушысы Гүлнәр Елубаеваның арманын орындады

Бес жасар қызы Райханның сүйектерінің дамуы баяу. Сондықтан баласын оқыту үшін арнайы мектеп іздеп, біраз сабылған еді. Жағдайына жанашырлық танытқан бағдарламаның редакторлары оның мектеп мәселесін шешіп қана қойған жоқ. Өзінің де жаңа жұмысқа орналасуына жәрдемдесті.

Гүлнәр Елубаева «Хабар» телеарнасындағы «Қолда я жолда» телешоуының 39 және 40 шығарылымына қатысты. Бағдарламаға қатысқан әр адам 3 млн теңгені ұтып алудан үмітті. Бірақ бағдарламада бағын сынаған Гүлнәр миллион теңге ұтпаса да, қалтасы бос қайтпады. Оның ең басты қуанышы – ақша ұтуда болған жоқ. Кастинг кезінде ол қызын мектепке орналастыра алмай жүргенін айтқан еді. Бес жасар Райхан ахондроплазияға ұшыраған. Буындары ауырып, сүйектерінің өсуі тежелген. Ой-өрісі еш баладан кем емес. Баласының болашағына алаңдаған ана оны арнайы мектепте оқытқысы келді. Өзі де сонда жұмыс істесем деп ойлады. Оның бұл арманының орындалуына бағдарлама редакторлары да көмектесті.

Гүлнәр Елубаева, қала тұрғыны:

- «Тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар» дегендей, «Қолда я жолда» жобасының редакциялық ұжымына алғыс айтамын. Мұндай мүмкіндік екінің біріне беріле бермейді. Менің армандарым орындалды. Бағдарлама барысында да осылай деп айтқан болатынмын. Ешқандай ұтылған жоқпын, көп нәрсеге қол жеткіздім. Ол жерде ұтқан ақшам да жаман емес. Мен ең қуанатын нәрсем – осы Райханға жақсы мектептің шыққаны, сол жердегі кісілердің маған көмектескені.

Келесі айдан бастап Райхан Алматыдағы әлеуметтік инклюзивтік бағдарламалар  орталығында оқитын болады. Кәдімгі оқушылармен бірге ерекше балалар да бір сыныпта сабақ алады. Ешкімді бөліп-жарып, алалау деген жоқ. Тәрбие мен тәртіп бәріне ортақ. «Дұрыс жолға қойылған инклюзивті ортада да барлық бала бірдей болу керек», – дейді орталық мамандары.

Руслана Писаренко, Әлеуметтік инклюзивтік бағдарламалар орталығы білім беру жобасының жетекшісі:

- Олар даму қабілеті қалыпты балалармен қарым-қатынас жасап, тіл табысып, достасады. Мысалы, бізге қол арбаға таңылған балалар келіп оқиды. Сыныптастары оларға әрдайым көмектесуге дайын тұрады. Жағдайларын жақсы білгендіктен жәрдемдесіп, жанашырлық пен қамқорлық танытады.  

Орталықта 1-11 сыныпқа дейін 100 бала оқиды. Солардың арасында сал, аутизм дертіне ұшырағандар да бар. Мұнда балаларын оқытқысы келетіндер көп екен. Бірақ орталықтың әзірге ондай мүмкіндігі болмай тұр. Алдымен кеңсені кеңейтіп, ерекше балалармен жұмыс істей алатын мамандарды ынталандыру керек. Ал ол үшін демеушінің қолдауы қажет.

Авторлары: Алмас Садуақас, Радик Жақыпов