Хабар телеарнасы

Ақсу қаласында көпқабатты үйлердегі пәтерлерді су басуда

Жауын-шашын бола қалса, көпқабатты үйлердегі пәтерлерді су басады. Тұрғындардың бұл мәселемен арпалысып жүргеніне үш жылға жуықтаған.

Қазір бірқатар пәтерді сыз басып, қабырғалары көгеріп кеткен. Уақытша жалға берілген бұл үйлерде 70-тен астам көпбалалы отбасы тұрады.

Салтанат Хазаева – төрт баланың анасы. Үш жылға жуық уақыт бойы сыздан көз ашпай келеді. Пәтер қабырғалары көгеріп кеткен.

Салтанат Хазаева, Ақсу қаласының тұрғыны:

- Балаларым ауыра береді. Жаңбыр жауғанда әйнектерден үнемі су ағады. Төбеден де тамшылайды. Электр сымдарының бәріне су тиген. Электр қондырғылары мен кір жуғыш машинасынан тоқ соғады.

Әлеуметтік тұрғын үй үш жыл бұрын сән-салтанатпен қолданысқа берілді. Бірақ жалдамалы пәтерлердің кілттерін алған отбасылардың қуанышы ұзаққа бармады.

Елизавета Донец, Ақсу қаласының тұрғыны:

- Құрғақ уәдеден басқа ештеңе естіген жоқпыз. Хат жазбаған, бармаған жеріміз қалмады. Пәтер иелерінің кооперативі әрекет етпей жатыр. Үйдің шатыры қардан да тазаланбаған.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Көктем келіп, жаңбыр жауса болғаны көпбалалы аналардың пәтерлерін су басады. Олардың айтуынша, мәселенің туындауына шатырдағы ақаулар себеп. Жергілікті билік әрекет етпегендіктен тұрғындар волонтерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр.

Константин Голованич, волонтёр:

- Қабырғалар дұрыс орнатылмаған. Су жиналып, төбедегі саңылаулар арқылы пәтерлерге аға береді. Сондықтан шатырға жиналған қалың мұзды тазалауға көмектесіп жатырмыз.

Әкімдік бұл мәселеден хабардар. Бірақ бар жауапкершілікті мердігер ұйым мен тапсырыс беруші кәсіпорынға сілтеді.

Асхат Жармағамбетов, тапсырыс беруші:

- Мәселе туралы мердігер ұйымға міндетті түрде хабарлаймыз. Комиссия құрып, үйдің жағдайын тексереміз. Кейін ақауларды жөндейміз. Себебі біз олқылықтарды жоюға кепілдік бердік. Тұрғындардың шағымы орынды. Біз онымен келісеміз.

Айта кетейік, сегіз қабатты үй 25 жыл бұрын салынған. Қараусыз қалған ғимаратты үш жыл бұрын жергілікті билік жөндеп, әлеуметтік санаттағы азаматтарға берген. Барар жер, басар тауы жоқ көпбалалы отбасылар осындай сапасы сын көтермейтін үйде тұруға мәжбүр. Ал жөндеу жұмыстарның қашан жүргізілетіні әзірге белгісіз.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков