Хабар телеарнасы

ШҚО-да тасқын қаупі күшеюде

Еріген қар суынан кейбір өзен-көлдердің деңгейі 73 см дейін көтерілген. Осының кесірінен Өскемен қаласының іргесіндегі саяжайларға қызыл су жайыла бастады.

Тау арасындағы 226 жаздық үйдің 20-дан астамы су астында қалған.

Өскеменнің айналасы жағалай саяжай. Сондықтан көктем шыға оны қоныстанған халық та әр күнді үреймен өткізеді. Ол аумақтарды құтқарушылар да ерекше бақылауда ұстайды. Соңғы бірнеше тәулікте өңірде қар ерекше еріді. Сондықтан кешелі бері тау аңғарындағы жаздық саяжайларды су басып жатыр.

Олжас Керейхан, тілші:

 - Қар қалың жауған жылдары Аблакет өзенінің бойындағы саяжайларды су басады. Биыл да сол жағдай қайталанды. Бұл жағдайды көру үшін төтенше жағдайлар қызметінің мамандары арнайы техниканы ғана пайдаланады. Себебі басқа бірде-бір көлік жүре алмайды.

Бұл аймақтағы 200-ден аса саяжайдың екеуінде ғана қыста адам тұратыны анықталды. Бірақ ол үйлерге су кірмеген.

Қаныш Мұқажанов, қала әкімдігінің инспекторы:

 - Қай үйлерді су алды, кім қандай жағдайда отыр, бәрін тексеріп шықтық. 2 үй ғана қыстай тұрады. Оның ішінде біреуінде ғана кісі болды. Ол кісімен әңгімелесу кезінде көшірудің қажеті жоқ екендігін айтты.  

Саяжайлардың іргесіндегі Аблакет өзені бастауын Сібе көлдерден алады. Оған қар суы қосылып төменгі сағасы сай-сайлаға жайылды.

Валентин Литвиненко, қалалық ТЖД аға офицері:

- «Казгидрометтен» түскен мәлімет бойынша судың деңгейі 53 см төмендеді. Бүгін осы саяжайдағы 13 үй ғана суда тұр.

Суда тұрған саяжайдың бәрі де жаздық. Бүгінге дейін таулардағы қардың көбесі сөгілген жоқ. Есесіне Өскемен мен Риддер қаласының көшелері көл-дария. Әсіресе, көпқабатты үйлердің ауласынан аяқ алып жүргісіз.

Наталья Басаргина, қала тұрғыны:

- Көктем сайын көретін күніміз осы. Нан алуға дүкенге жету мұң болды. Әсіресе біз сияқты жасы үлкен адамдарға өте қиын. Үйден аттап шыға алмай қалдық.

Дегенмен қалада наурыз айында 7 мың текше метр су сорғызылған. Тасқынға тосқын жасау үшін 100-ге жуық техника, 400 тонна топырақ пен 5 мың қап дайындалды. Жеке үйлерді су басқан жағдайда тұрғындарды көшіру үшін 900- ге жуық төсек-орын дайын тұр. Ауа райын болжау орталығының мамандары алдағы бірнеше тәулікте аймақта күн райы күрт жылынатынын хабарлады.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтиын