Хабар телеарнасы

Оралда тергеу изоляторының құрылысы аяқсыз қалған

Олай дейтін себебім Оралда 1500 орынға арналған тергеу изоляторының құрылысы аяқсыз қалған. Осы тергеу изоляторының құрылысына тиесілі қыруар қаражат жымқырылған. Сәйкесінше сағыздай созылған жұмыс бітпей қойды. Ал нысанды Ішкі істер министрлігі аймақ билігіне тегін бере салған. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиев халық алдындағы есептік кездесуінде айтты. Жоспар бойынша құрылыс 2017 жылы бітуі тиіс еді. Ал шаһардағы ескі тергеу изоляторының қабырғасы қақырап тұр.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Бұл тергеу изоляторы 1858 жылы бой көтерген. Нысан қаланың шетіне салынған еді. Алайда қазір қаланың орталығында қалып қойды. Тұрғындар қауіпсіздік үшін алаңдайтынын айтады.

Ғимаратқа кірген кезде абақтыға емес, көне киелі нысанды аралауға келгендей сезіндік. Расымен қызыл кірпіштен қаланған қабырғалар талай тарихи кезеңнің куәгері екені бірден байқалады. Өлкетанушылардың айтуынша, мұнда күй атасы Құрманғазы да қамауда болған. Бұдан өзге де тарихи оқиғаларды тізбектесе, таңды таңға жалғауға тура келетінін айтады.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Ел аузында бұл ғимаратты «қырық тұрба» деп атайды. Өйткені бұрын нысан пеш арқылы жылытылды және аумақ үлкен болғандықтан, 40 тұрба қолданылған. Тергеу изоляторында 63 камера бар. Мәселен, бұл – солардың ішіндегі көлемі жағынан ең үлкені және аз да болса жөнделгені. Ал қалғандары тіптен тар әрі кейбіреулері тіпті апатты деп танылған.

Магнис Сабиров, тергеу изоляторының басшысы:

- Стандарт бойынша сәйкес келмейді. Жаңарту жұмыстары жасалған жоқ. Алғашында қалай болған, сол күйінде қалып қойған. Біздің мақсатымыз – адамдар жататын жеріне жылу өткізіп, тазалық жұмыстарын жүргізу.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Салынғанына екі ғасыр жуықтаған бұл ғимараттар қирап, құлай қоймаған. Әрине, әбден ескіргені байқалады. Десе де барлығы қаз-қалпында сақтаулы тұр. Тіпті тексеріс кезінде немесе шұғыл жағдайларда қолданылатын мына қоңырау да әлі күнге пайдаланылады.

Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін және тарихи нысанды сақтап қалу мақсатында шаһар шетіне жаңа тергеу изоляторы салына бастаған еді. Құрылысқа ел қазынасынан миллиардтаған қаржы бөлінген. Алайда сыбайлас жемқорлық дерегі тіркеліп, сот процесі сағызша созылып кетті. Ал жұмыс аяқсыз қалды. Жоба шамамен 60-70% орындалды. ҚР Ішкі істер министрлігіне дәл осы мәселе бойынша сауал жолдаған едік. Әйткенмен бір айға жуық уақыт өтсе де, ешқандай ресми мәлімдеме жасалмады. Жуырда аймақ басшысы ғимараттың облыс әкімдігі теңгеріміне тегін берілгенін айтты. Әзірге нысан қай бағытта қолданылатыны белгісіз. Әкімдіктің баспасөз хатшысы инвестициялық жоба ретінде кәсіпкерлерге ұсыныстар жолданып жатқанын ғана жеткізді.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов