Хабар телеарнасы

COVID-19: тағдырлар мен трагедиялар

Ал Қазақстанда қаза тапқандар санын ресми дерек үш мыңнан сәл асады дейді. Қауіпті дерттің кесірінен жақындарымыз бен жақсыларымызды жоғалттық. Әкелер мен аналар кетті, балалар жетім қалды.

Медина жеті айға енді толды. Ол ана сүтін ешқашан татып көрген жоқ. Жер бетіндегі ең ауыр қасірет – ана мен баланы айыру. Қатыгез індет бізге оны да көрсетті.

Мейрамхан Бапашев, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

Балалар біледі. Оларды зират басына апардым. Өздері көріп, түсінгендей болды. Сағынады, әрине, кейде сұрайды.

«Коронавирус әсіресе егде тартқандар үшін қауіпті», – деген еді, бірақ жастарды да жалмады. Айнұр Кендирова небәрі 33 жаста болатын. Үшінші сәбиіне жарық дүние сыйлаған соң, тура бес күннен кейін демігіп жатып, демі үзілді.

Жеті жастағы Айзада анасының енді келмесін біледі. Ал бес жастағы Ахмедиярдың бала түйсігі әлі түсінбейді.

Олар Айнұр мәңгілікке тыныстап жатқан мекенге жиі барады. Бүгін де жиналды. Табиғатынан тұйық Мейрамхан жолда өткен күндерді есіне алып, ашыла сөйлей бастады. Олар осыдан сегіз жыл бұрын мұз айдынында танысқан. Өмірдің өз жолы дәл мұндай тайғанақ боларын олар, әрине, білген жоқ...

Мейрамхан Бапашев, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Дауыс көтеріп біреумен ұрысу дегенді білмейтін. Бәріне күліп қарайтын. Ешкімге ренжуді білмейтін.

Олардың жоспары көп еді: жер алу, үй салу. Бұл індет оның өмірін «дейін және кейін» деп екіге бөлді. Әкенің балаға деген жақындығын қазақ өзгеше бағалайды. Бірақ Мейрамханның мейірімі үш баланы бағып-қағуға жетеді және балаларға анасын ешқашан ұмыттырмайды.

Әсіресе өткен жаз бізді жылатып кетті. Демігіп жатып демі үзілгендердің арасында Мәдина Абдуованың әкесі мен анасы да бар еді.

Мәдина Абдуова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Бұл – өте қатал індет. Ол өмірлерді тым тез ұрлайды. Әкем жұмыспен Жезқазған қаласында жүрген. Маған анам қоңырау шалып, әкемнің ауырып жатқанын айтты. Әкемнің «тәуекелдер тобына» жатпайтынын ойлап қорқынышымды сейілткім келді. Себебі ДДСҰ сенсек, бұл індет 65-тен асқандар үшін қауіпті, бірақ менің әкем 53-те еді. Әкемді жерлеп болған соң, бір тәуліктен кейін анамның да, менің де дене қызуым көтерілді. Осылайша, әкемнің қазасынан соң, тура 21 күннен кейін анамнан айырылдым.

21 күн, 21 түн. «Әкемді алдың, енді анамнан айыра көрме», – деп тілеген. Бірақ қатыгез індет анасын да алып тынды. Осылайша, Мәдина тіптен жалғыз қалды. Әуелде қауіпті індеттің шыққаны туралы ақпарат тарай бастағанда қазақстандықтардың басым бөлігі сенбеген. Арасында Мәдинаның өзі де болған. Қазір тұл жетім атанғанда, айтары біреу-ақ – «жақыныңа жанашыр бол».

Коронавирус инфекциясынан әлемде көз жұмғандар саны екі млн асып кетті. Ал Қазақстанда қаза тапқандар санын ресми дерек үш мыңнан асады дейді. Үш мың тағдыр – бұл тұтас бір ұлттың трагедиясы. Бізге індет жақынға шын жанашыр болуды үйретті. Тек осыны түсіну үшін осынша жоғалтуымыз керек болғаны тым өкінішті...

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Әлібек Әлиев