Хабар телеарнасы

Шығыста биыл 108 ауылды су басу қаупі бар

Қазірдің өзінде Ертістің арнасына мұз қатып, өзен жағасындағы кейбір елді мекендерге су жайыла бастаған. Глубокое ауданындағы Уварово ауылының тура іргесіне жеткен. Сондықтан ауыл тұрғындары жағаны бекітумен жүр.

Уварова ауылындағы жағаға жақын отбасылар қыс бойы үреймен отырады. Жылдағы жағдай осы. Ертістің негізгі арнасы ауылдан 1 шақырымдай алыс болса да, өзеннің бір сағасы дәл іргеден ағады. Қатты аяз қысқанда онсыз да арнасы тар өзеннің суы сыртқа жайылып, кейбір үйлердің қора-қопсысына кіруге шақ тұр.

Ольга Попова, Уварово ауылының тұрғыны:

– Мұндайда қорықпау мүмкін емес қой. Түнде алаңдап ұйықтай алмай қалдық. Кенеттен су деңгейі көтеріліп кетсе, бізді басып қалуы мүмкін ғой. Үйімде балалар, кішкентай немерелер бар. Олардың да үрейі қашты.

Байырғы тұрғындардың айтуынша, ертеректе қыс ортасында су көтеріп, жағадағы үйлерге кірген. Сол кезде үш шақырым жаға биіктетілген. Дегенмен атқарушы билік халықты дүрлікпеуге шақырып отыр. Су деңгейі көтерілген бетте жағалауды инертті материал салынған қаптармен бекіте бастапты. Кей жерге топырақты техникамен де төгіп жатыр.

Ауыл тұрғындары қауіпті сейілту үшін Ертістің сағасындағы мұзды жарып, суды төмен ағызып жіберу туралы ұсыныс айтып отыр. Бірақ бұл әдіс те тиімсіз.

Ерлан Жұмағұлов, Ертіс ауылдық округінің әкімі:

– Дәл қазір мұзды жарған дұрыс емес. Біздің ауылдан төмен орналасқан елді мекендерді су басуы мүмкін.

Төтенше жағдай қызметкерлерінің қазіргі болжамы бойынша шығыста көктемде 108 ауылды су басуы мүмкін. Бұл елді мекендерде 22 мыңнан аса адам тұрады. Сондықтан аймақтағы Төтенше жағдай департаменті қызметкерлері тасқынға тосқан жұмысты қыс бойы пысықтап келеді.

Дмитрий Титов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

– Біз бүгінге дейін 30 елді мекенде су басу қаупін сейілттік. Тағы 50 ауылда тасқынға тосқын жұмысын қолға алдық. Әрбір ауылдың әкімдігімен бірге қар шығару, арық-атыздарды тазалау мәселесін қадағалап отырмыз.

Қадағалап қана отырмай, су тасқынын болдырмаудың жол картасы да жасалды. Ол бойынша әрбір мекеме мен құзырлы органға нақты міндеттер жүктелді. Бұл бағыттағы жұмыстарға облыс қазынасынан 559 миллион теңге бөлінді. Ал Уварова ауылын су баспас үшін өзеннің аңғарын тазарту қажет. Бірақ ол үшін тиісті мекемелердің рұқсаты мен тағы қыруар қаржы қажет.

Авторлары: Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов, Дмитрий Пыхтин