Хабар телеарнасы

Еуразия ұлттық университетінде Сенат депутаттары мен тарихшылар Президент мақаласын талқылады

Еуразия ұлттық университетінде Сенат депутаттары мен тарихшылар Президент мақаласын талқылады. Әр қазақ баласы ең әуелі өзінің ана тіліне өзі қамқор болуы тиіс. Өсіп келе жатқан ұрпағымызды өз тілінде тәрбиелеу – әр ата-ананың парызы. Сондай-ақ жиында тарихты қайта жаңғыртып, қазақстандық патриотизмді жандандыру қоғам міндеті деген ойлар айтылды.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Біздің мақсатымыз – қазіргі заманға сай жаңа ұлттық болмысымызды қалыптастыру, осыған байланысты қоғамымызда рухани жаңғыру ары қарай жалғасатын болады. Президентіміз айтып кетті, екіншісі, саяси жаңғыру жалғасады, бұған байланысты көптеген заңдар қабылданды.

Ерлан Сыдықов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, тарих ғылымдарының докторы:

– Қазір жалтақтайтын ештеңе жоқ, алаңдайтын ештеңе жоқ. Объективті түрде өз тарихымызды өзіміз жазуымыз керек. Міне, осыны Қасым-Жомарт Кемелұлы алдыға нақты тапсырма ретінде қойып отыр. Бұл тұрғыда жастарымыз туралы жақсы айтылған. Жас ұрпаққа біз тамаша қалыптасқан, мығым, сенімді дамыған мемлекетті қалыптастыруымыз керек.

Серік Негимов, филология ғылымдарының докторы, профессор:

– Қазақстандық патриотизмді тірілту, міне, осы жағынан келгенде Президенттің мақаласы көкейкестілігімен өзгешеленеді. Соңғы 30 жыл ішіндегі бағдарлар, ұстанымдар, тағылымдар, танымдар жөнінде терең пайыммен ой толғады. Тарихи сананы оятатын, ұлттық сезімді баурайтын шығармалар керек екенін айтты.