Хабар телеарнасы

Қарағанды облысында ерекше жандардың өмірі жайлы сериал түсіріліп жатыр

50 бөлімнен тұратын кинотуындыда еліміздің әр өңірінде тұратын ерекше жандардың өмір тарихы баяндалады. Мәселен, қарағандылық кейіпкер Александр Алтунин жыртқыш өсімдік өсірумен айналысады. Медициналық колледж студенті – Қазақстандағы ең үлкен коллекцияның иегері. Бүгінде оның қолында улы өсімдіктің 100-ге жуық түрі бар. Жас коллекционердің ролін Теміртау қаласының тұрғыны Александр Гусев сомдайды.

Александр Алтунин, Қарағанды қаласының тұрғыны:

– Мен жыртқыш өсімдікті бірінші рет 4-сыныпта оқып жүрген кезімде оқулықтан көрдім. Әлі есімде ботаника сабағы болатын. Ал 2014 жылы әжеммен Израильге ұшып барып, сол жерде көзіммен көрдім. 2015 жылы алғашқы шыбынжек өсімдігін сатып алдым. Қазіргі күні мен өсімдіктердің тұқымын Ресей мен Чехиядан алдырамын. Әуелде коллекция жинауға ата-анам көмектессе, қазір өзім айналысамын.

Жоба «Хабар» Агенттігінің тапсырысымен, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жасалып жатыр. Авторлардың айтуынша, сериалдың мақсаты – еліміздің әр түкпірінде елеусіз тіршілік кешіп жатқан ерекше жандарды елге таныстыру.

Бақыт Қилыбаев, сценарист:

– Адам табиғатынан өзіне үлгі тұтар тұлға іздейді. Ал оларды өз ортамыздан тауып көрсетсек, отандастарымыздың фильмді қабылдауы жеңіл болады. Жастардың кейіпкерден өнеге алу жағы тағы бар. Жалпы шынайы оқиғаға негізделген сценарий қашанда терең мағынаға толы туындыны дүниеге әкеледі.