Хабар телеарнасы

Шымкентте жүн өңдеумен айналысатын жалғыз кәсіпорын жабылудың алдында тұр

Ол жабылудың сәл алдында тұр. Кәсіпорынға кредит беруден «ҚазАгро» да, еліміздегі екінші деңгейлі төрт банк те бас тартып отыр. Зауыттың проблемасы бұл ғана емес.

Шымкенттегі зауыт жылына 10 мың тонна жүнді өңдей алады. Бірақ қазір әрі кетсе 1 мың тоннаны өңдеп сатуға қауқары әрең жетіп отыр. Пайда жоқ, техника ескі. Жығылғанға жұдырық, биыл тіпті қаржыландырудан да қағылды.

Санат Шағанбекұлы, зауыт директорының орынбасары:

Біз жыл сайын кредит алуға мәжбүрміз. Осы жылы «ҚазАгродан» бастадық, бірақ олар құжаттарымызды көріп, кредит беруден бас тартты. 4 банкке жүгіндік, 4 банк те бас тартты. Биыл біз қаражатсыз қалдық, зауытты тоқтатуға, өнімділікті азайтуға мәжбүр болып отырмыз.

Санат Шағанбекұлы биыл бір пақырсыз қалғанына бізде жиі өзгеретін заңды кінәлайды. Зауыт «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақта орналасқан. Кәсіпорын 2011 жылы ашылса, заңға одан бері 16 рет өзгеріс енгізіліпті. Жаңа заң бойынша кәсіпорын иелері жерді жалға алушылардан субарендаторларға айналып шыға келген.

Санат Шағанбекұлы, зауыт директорының орынбасары:

Банктер субаренданы залогқа алмайды екен, банктер қабылдай алмайды.

Алмасбек Садырбаев, Ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы:

Біздің жалғыз ғана өндірісіміз бар ол – «Шымкент кашемир». Бүгінгі күні жүнмен жұмыс жасап отыр. Сол «Шымкент кашемирда» сауда жоқ, қаражат жоқ. «ҚазАгро» қайда? Үкіметтің барлық қолдаулары қайда?

Қазір Қазақстан бойынша меринос қойларын өсіретін 3 мыңға жуық шаруашылық бар. Жүнге сұраныс жоқ, сондықтан шаруалар оны өртеп құтылады. Өңделген жүнді экспортқа шығару да кәсіпорындар үшін қып-қызыл шығын. 10% кедендік баж салығын төлеу міндеттеледі.

Алмасбек Садырбаев, Ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы:

«Шымкент кашемирда» өзінің қаражаты болмағанмен де, дайын өнімін Еуропаға сатайын десе, біздің елде 10% баж салығын қойып қойыпты. Соны алып тастамаса, мына біздің қой шаруашылығы, жүнді бағыттың дамуына өте қиын болады.

Көмек көп, бірақ механизм дұрыс емес. Экономика ғылымдарының докторы, сарапшы Төлеутай Рахымбековтің пікірі осы. Ауылшаруашылығын субсидиялау үшін жылына 300 млрд теңге бөлінеді. Бірақ...

Төлеутай Рахымбеков, экономика ғылымдарының докторы, сарапшы:

Механизмдері дұрыс емес, Қазақстанда 200 мыңнан астам шаруа қожалықтары бар. 20 мыңға жуық заңды тұлғалар бар осы ауылшаруашылығы тауарларын өндірумен айналысатын. Солардың тек 2-3% субсидияға қол жеткізеді. 2-3% арзандатылған несие алады. Ал 97-98 пайызының мұрнына сол несиелердің, сол субсидиялардың исі да бармайды.

Сиыр мен субсидияға қатысты бір ғана мысал. Мемлекеттен субсидия алу үшін қораңдағы ірі қара мал саны 1 мыңнан асуы тиіс.

Төлеутай Рахымбеков, экономика ғылымдарының докторы, сарапшы:

352 шаруа қожалықта ғана 500 астам сиыр бар. 1 мыңнан астам көрсетілмеген де, енді былай жобалап көруге болады, 50-60 шығады. Бұл соларға ғана арналған ба сонда? Олар қалай өмір сүруі керек?

Тиімді шарт, қолжетімді қаржы. Ауылшаруашылығы мамандарының арманына айналғалы қашан. Соңғы уақытта Қазақстанда Агробанк құру идеясы қайта көтеріліп жүр.

Бұл идеяны қолдайтындардың бірі қостанайлық кәсіпкер – Юрий Комаров.

Юрий Комаров, кәсіпкер:

Агробизнес саласында жұмыс істеп жүрген уақытта бір байқағаным, біздің Үкімет бірнеше салалық қаржылық құрылымдарды құрды. Бірақ олардың керісінше кедергісі көп. Әрбірінің талабы түрліше, қажет құжаттар тізімі де әртүрлі. Сондықтан орталықтандырылған Үкіметтің қаулысымен құрылған Агробанк құратын уақыт келді деп есептеймін.

Комаров Агробанк құрыла қалған жағдайда берілетін кредиттер ұзақмерзімді әрі үстемақысы 4% аспаса екен деген тілегін де жасырып қалған жоқ. Бірақ бұл идеяның жүзеге аса қоюы екіталай екенін ол жақсы түсінеді. Себебі Үкіметке бұл ұсыныс аса ұнамайды. Арзан несие, тиімді субсидия. Қазақстандық шаруалардың ендігі бар үміті жаңадан түзіліп жатқан салалық бағдарламада ғана.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Нұрбек Байбосынов, Гүлнәр Әмренова