Хабар телеарнасы

Junior Eurovision 2020 гранд-финалына санаулы күн қалды

Айтпағымыз Junior Eurovision 2020 халықаралық ән байқауына қатысушы Қарақат Башанова туралы. Қазір қаршадай қыз айтулы додаға қызу дайындық үстінде. Дауысын дамылсыз баптап жатқан жас әнші еліміздің белгілі өнер қайраткерлерінен тәлім алып жүр.

Пандемияға байланысты биыл Junior Eurovision қатысушылары өз елдерінде өнер көрсетеді. Қазірдің өзінде ән байқауының жанкүйерлері қатысушылардан көз жазбай, өз бағамдарын жасауда. Ән байқауында елімізді таныстыратын Қарақат Башанованың өнеріне әлеуметтік желіде оң баға беріп жатқандар аз емес. «Жас әншіге арнайы жазылған «Forever» әні жүректі тербейді», – дейді олар.

Айзада Пернеқұл, студент:

- Мысалы мен Қарақаттың өнерін бірінші рет көргенде көзіме жас келді, өзімнің қалай жылағанымды байқамадым. Өйткені ол менің жүрегіме жетті. Сол сияқты басқа да әндер бар. Франция елінің қатысушысын айта аламын. Өйткені ол Валентина деген қатысушы қыз өзі сондай сүйкімді, өнері де, әртістік қабілеті де күшті. Бір көргеннен жаулап алатын сияқты.

Ән байқауына 12 елден жас таланттар қатысады. Бабы келісіп тұрған қатысушылардың қайсысының бағы шабатыны әзірге белгісіз. Жүзден жүйрік шығу оңай емес. «Ең бастысы, әнді жүрекпен орында» деп алдыңғы буын ағалары Қарақатқа батасын берді.

Мұрат Құсайынов, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Осындай додаға түскенде менің байқайтыным, өте талантты, керемет әншілер жолда түсіп қалады. Себебі неде? Себебі қобалжуда. Ән айтқан кезде «мен жеңуім керек еді» деген ойды алып таста. Сен өзіңді өзің көрсетуің керек. Әнші, әртіс ретінде. Артыңда миллиондаған қазақ отыр. Оның ішінде мен де бармын.

Интернет желісіндегі бағалау бойынша әзірге Испания көш бастап тұр. Алғашқы үштіке Польша мен Беларусь елі де кіреді. Қазақстан әзірге жетінші орында. Ал нақты жеңімпаз 29 қарашада белгілі болады. Junior Eurovision халықаралық балалар ән байқауы «Хабар» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев