Хабар телеарнасы

Ақмола облысында биыл қылмыс 33,7% азайды

Полиция департаментінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, осы жылы өңірде жалпы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 33,7% төмендепті. Яғни он мың тұрғынға 110 құқықбұзушылықтан келеді. «Ал бұл – республикадағы ең жақсы статистика», – дейді полицейлер. Құзырлы орган мамандарының сөзінше қылмыстың азаюына карантин сеп болған. Себебі өңірде біраз уақыт көлік және кісі қозғалысы шектелді. Оған қоса қазір елді мекендерде бейнебақылау камералары көбейіп келеді. Мәселен, бір ғана Көкшетау қаласының өзінде бір мыңнан астам осындай қондырғы бар. Олар көшелермен қатар 500-ден астам ауланың тыныштығына кепіл болып отыр. «Бірақ осының бәріне қарамастан ішімдік ішетін тұрғындар азаймай тұр», – дейді тәртіп сақшылары.

Гүлнәр Пинчук, облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Мәселен, жол-көлік саласындағы қылмыс 18% азайғанымен, рөлге мас күйінде отыратын жүргізушілер кемімей тұр. Жыл басынан бері ондай бір мыңнан астам адам ұсталды. Жол апатының көбі де солардың кесірінен болады. Қоғамдық орындарда да ішімдік ішіп, елдің мазасын алатындар көп. Биыл осындай 9 500 адамға айыппұл салынды.