Хабар телеарнасы

Astana Media Week 2020 – парасатты пайым мен тұшымды ой айтылатын алаң

Журналистер ақпарат таратуда қандай қателік жіберді? Пандемиядан кейін БАҚ келбеті қалай өзгереді? Елордада шымылдығы түрілген Astana Media Week-те осы мәселелер көтерілді. Парасатты пайымдар мен орамды ойлар айтылды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған үш күндік шара биыл онлайн режимде өтуде. Оған отандық қана емес, шетелдік медиа индустрияның өкілдері де қатысып жатыр.

Интернет дамығалы «телевизияның күні өтіп барады» деген пікірді жиі ести бастадық. Бірақ пандемия кезінде халық телеарналарға оралды. Себебі сенімді ақпарат көзін қажетсінді. Медиа апталықта онлайн бас қосқан сарапшылардың бұлай деуі бекер емес. Өйткені интернетте жалған ақпарат толып тұр. Мәселен мына зерттеуге назар аударайықшы. Интернетте бір шынайы постқа 177 жалған ақпарат жарияланады екен.

Дильмурад Рахимов, International Media Service компаниясының басқарушы серіктесі:

- Интернетте отыратындар пандемия кезінде сенімді ақпарат көзін іздеп, телеарналарға қайта оралды. Телеэфирдегі контенттен әсіресе жаңалықтарға сұраныс артты. Қателеспесем, жаңалықтар шығарылымдарының қаралымдары 50% өсті.

Ал спикерлердің кейбірі: «Телеарналар интернетті игеруді жеделдету қажет. Сол кезде телевизияның көкжиегі кеңейе түседі», – дейді. Себебі бүгінде жастардың дені интернетке тәуелді. Яғни 5-10 жылда бұл аудитория медианарықтың негізгі тұтынушысы болады. «Сондықтан контентті интернет-телеарнаның форматына сай толтыруға мән беру керек», – дейді. Жалпы пандемия медиа салаға қалай әсер етті? Министр Аида Балаева БАҚ жарнамадан түсетін табыс 60% азайғанын айтты.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Пандемия медиа салаға да кері әсерін тигізді. Жарнама берушілерді табу қиындады. Газет-журналдардың сатылымы қысқарды. Мұны ескерген министрлік тиісті жұмыстарды қолға алды. Біздің міндет – отандық медиа саланы дамыту.

Не десек те қазір қоғамда «Fake жаңалықты шынайы ақпараттан қалай ажырату керек?» деген қажеттілік туындап отыр. Осы тақырыпта ой бөліскен сарапшылар: «Басты міндет ақпаратты лезде тарату емес. Мәселені май шаммен қарап, шынайылығына баса мән беру керек», – дейді. Яғни интернетте отырғандардан айырмамыз да осы болмақ.

Авторлары: Зайнұр Байжігіт, Азамат Сәметов