Хабар телеарнасы

Интернеттегі алаяқтар: Онлайн отырып, опық жеді

Олар банк қызметкерлерінің атын жамылады. Зардап шеккендер қатарында миллионынан айырылғандар да бар. Биыл 250-ден астам алаяқтық дерегі анықталған. Бұл тек ресми тіркелген мәлімет қана. Онлайн отырып опық жегізгендер оңайлықпен ұсталмай тұр.

Оңай әрі жылдам ақша тап. Орал қаласының тұрғыны Тұрар әлеуметтік желіден осындай жарнама көріп, олармен байланысқа шықты. Егер кемінде 15 мың теңге жолдаса, қаржыны әп-сәтте 400 мың теңгеге дейін көбейтіп алуға болатыны туралы хабарлама келген. Тұрар ойланбастан қолындағы бар ақшасын аударып жіберді.

Тұрар, жәбірленуші:

- Ол: «20 мың сал», – деді. 20 мың салғаннан кейін: «Аз, тағы 30 мың теңге сал», кейін «сізге ұтыс шығып тұр, бірақ тағы ақша салу керек», – деді. Жалпы 89 мың теңге салдым. «Бір сағаттың ішінде шығарып береміз», – деп ақша да, өздері де жоқ болып кетті. Полиция қызметкерлеріне арыз жаздым. Қыркүйекте сол ақшамды кері қайтарып алдым. Оларға рахмет айтқым келеді.

Нұрлан Бисенов, Орал қалалық Полиция басқармасы бастығының орынбасары:

- Осындай 28 алаяқтық дерегі ашылды. 15 қылмыс бойынша шығын толықтай өтелді. Ал қалған істер бойынша әзірге күдіктілер ұсталды. Шығынды қайтару бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 2-бөлімі бойынша алаяқтар екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Компьютер тілін жетік білетін алаяқтар сан түрлі амалға барады. Олардың көпшілігі тұрғындарға қоңырау шалып, өздерін банк қызметкері ретінде таныстырады. Қой терісін жамылған қасқырлар жеке мәліметтерді біліп алған соң, есепшоттарды бұзып, қаражатты қолды қылады.

Нұрлан Бисенов, Орал қалалық Полиция басқармасы бастығының орынбасары:

- Тұрғындардан есепшоттағы қаржы ұрланғаны туралы арыз жиі түседі. Алаяқтардың 90% қаржы құрылымының маманы екенін айтып, сенімге кіріп алады. Кейбірі тұрғындарға хабарласып, есепшотқа әлдекімнің шабуыл жасап жатқаны жөнінде жалған ақпарат береді. Сөйтіп, ақшаны басқа шотқа аударуға кеңес береді. Олар құйтырқы әрекетін осы сәтте жүзеге асырады. Зәбірленушілер арасында 15, 18 млн теңгесінен айырылып қалғандар бар.

Жыл басталғалы Оралда 530 алаяқтық дерегі тіркелген. Олардың тең жартысы – онлайн опық жегізгендер. Виртуалды ұрыларды құрықтау қиынға соғады. 170 қылмыс әлі күнге ашылмаған.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов