Хабар телеарнасы

Kaspi.kz кибершабуыл болмағанын хабарлайды

Таңертеңнен бастап Kaspi Bank клиенттері қосымшаға кіре алмай, өз карталарындағы ақшаларын шеше алмай дал болды. Тіпті кейбір адамның шоттарында ақша жоғалса, енді бірінде ол көбейе түскен. Қазір картамен төлем жасау, банкоматтардан ақша шешу, толықтыру, төлемдер мен аударымдар уақытша қолжетімсіз. Банк өкілдерінің айтуынша, Kaspi.kz қосымшаcындағы техникалық ақаулар ретке келтірілуде. Клиенттердің ақшалары жеке шоттарында сақтаулы тұр. Қазір кей адамның қаржы көлемдері қате көрсетілуде. Ал әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Каспиге кибершабуыл жасалып, 79 млн теңге ұрланғандығы жайлы мәлімет те тарап жатыр.

Ербол Азанбек, Kaspi.kz баспасөз хатшысы:

- Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде мұның кибершабуыл екендігі туралы жалған ақпарат тарады. Ешқандай кибершабуыл болмағанын хабарлаймыз, клиенттердің қаражаты түгелдей өз қалпында және ақау ретке келтірілгеннен кейін қосымшада дұрыс көрсетіледі.