Хабар телеарнасы

Жамбыл облысында бірнеше ауыл экологиялық апаттың алдында тұр

Өйткені қазір Шу өзенінің бойында гидроқондырғы жоқ. Сондықтан жергілікті әкімдік алқаптарға арнаны бұру үшін қолдан бөгет жасайтын көрінеді. Бұл тәсіл экожүйені бұзып, табиғатқа орасан зор залал келтіріп жатыр. Ал қолдан үйетін маусымдық бөгенге жылда миллиондаған қаражат бөлінеді екен.

Шаруалардың егін алқабы мен ауыл іргесіндегі жерлерді суландыру үшін Шу өзені жылда 6 жерден байланады. Міне, мынадай бөгеттерді салу үшін өзен арнасына жылда 100 мың текше метрге жуық топырақ пен құм төгіледі. Оған аудандық бюджеттен жылда 24 миллион теңгеге дейін қаражат бөлінеді. Ал суару маусымы аяқталған соң уақытша бөген қайта жырылады.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

– Міне, жаңағы бөгеттерден жырылған құм Шу өзенінің арнасымен көшіп, ауыл маңындағы шабындықпен жайылымды қайыр басып жатыр. Бұл жер жергілікті жұрттың шөп шауып, мал азығын дайындайтын орны болған. Алайда бір ғана гидроқондырғының салынбауының кесірінен көкмайса жайлау мынадай кәдімгі шөлге айналған. Мамандардың есебі бойынша аудандағы осындай он мың гектардан астам жерді құм басқан.

Құмның кесірінен өзен табиғи арнасынан айныған. Өзектер көміліп, су жайылымға шықпай қалған. Жергілікті шаруалар мал азығын дайындау жылдан-жылға қиындап бара жатқандығын айтады. Биыл шөптің де бағасы шарықтап кеткен. Бұлай жалғаса берсе, жұрт: «Қолдағы малын сатып, ауылдан көшуге мәжбүр боламыз», – дейді.

Мұхамбетқұл Сабыров, Мойынқұм ауылының тұрғыны:

– Жайылымдық жоқ, шабындық жоқ. Ауыл тұрғындарының мал ұстауына ешқандай мүмкіндігі жоқ. Бұл экологиялық апат деп айтуға болады, білдіңіз ба? Мынау кетіп бара жатыр. Бұлай кете беретін болса, түгел төменгі жақ Шудың бойы осындай жағдайға қалады.

Қазір бұл проблема өткір тұр. Шу өзенінің бойына екі жерден су реттегіш гидроқондырғы орнату қажет. Бұл бүтін бір аудан тіршілігін сақтап қалумен тең. Алайда бұған жергілікті әкімдік дәрменсіз. Аудандық мамандар оның сметасын алдын ала есептетіп те көріпті.

Қызыр Елеусізов, Мойынқұм аудандық Ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Бұған қаржы жоқ. Аудандық бюджеттің шамасы көтермейді. Облыстық бюджет те көтермейді. Сондықтан бізге республикадан көмек керек. Табиғатты қорғау мекемелері, Экология министрлігі бар дегендей. Міне, солардың құлағына алтын сырға. Біз ана жердің бәрін қопарып жатырмыз. Қазып жатырмыз. Түгел бұзып жатырмыз. Шу өзенінің аяқ жағына барып қайыр басып, экологиялық катастрофа, тепе-теңдік бұзылып жатыр. Флора мен фаунаның бәрі құмның астында қалып жатыр. Қайырдың астында. Көрдіңіздер, таздың басындай болып жылтырап жатыр, бір тал шөп жоқ.

Егер гидроқондырғы салынса, біріншіден, 7 ауылдық округ тұрақты түрде суармалы сумен қамтылады. Екіншіден, миллиондаған бюджет қаражатын суға ағызу мәселесі тоқтайды. Үшіншіден, суармалы егіс алқаптарының көлемі екі есеге дейін артады. Ең бастысы құм көшкіні тоқтап, табиғи апаттың алды алынады.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә