Хабар телеарнасы

Үздік ұстаздар марапатталды

Биыл бұл мереке 4  қазанға тұспа-тұс келеді. Төл мерекелері қарасаңында бүгін Қостанайда бірқатар ұстаз «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

Ал «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздарына қомақты қаржылай сыйлық табыс етілді. Жоғары нәтиже көрсеткен ұлағатты мамандық иелерін облыс әкімі құттықтады.

Жантөре Ысқақовтың ұстаздық еткеніне биыл – 34 жыл. Осы уақыт ішінде бала тәрбиесіне атсалыссам деген арманынан, мамандығына деген адалдығынан айныған емес. Қазір өзі басқарып отырған мектеп қаладағы білім ошақтары арасында үздіктердің қатарында. Биыл осы оқу ордасын тәмамдаған түлектердің басым бөлігі білім грантына ие болды.

Жантөре Ысқақов, мектеп директоры:

– Ең бірінші әрбір ұстазға өзінің шәкірті, оқушысы өміржолын тауып, осы мектепте алған тәрбиесін, алған білімін келешек уақытта қолданса және биікке жетсе, сол ең маңызды болып саналады.

Карантинге байланысты туындаған қиындықтарға қарамастан, облыста білім беру үрдісі үзілген емес. Қашықтан оқытудың сапалық деңгейін арттыру үшін биыл 7 мың 500-ден астам компютерлік техника сатып алынды. Оған қосымша 14 мыңға жуық ноутбук, планшеттер алу жоспарланған. Облыста білім беру саласында 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді.Облыс әкімі өз сөзінде солардың қай-қайсысы да зор құрметке лайық екендігін атап өтті.

Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:

– Мұғалім ұландардың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, рухани байлық, ұлттық қасиеттерді сіңіріп, оларды тұлғалы азамат қылып қалыптастыруда сіздердің үлестеріңіз орасан мол.

Облыс әкімі бүгін бірқатар ұстаздарға тиесілі марапаттарын өз қолымен табыс етті. Жоғары дәрежелі «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін бүгін біздің кейіпкеріміз Жантөре Ысқақов та кеудесіне тақты.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг