Хабар телеарнасы

Қарағанды облысы технологиялық өндіріс орталығына айналуы тиіс

Мәселен, Қарағанды өңірі осы тапсырмаларды орындауға кірісіп кетті. 11 бағыт бойынша айқындалған міндеттерді облыс активі кеңінен талқылап, алдағы жоспарларын пысықтады. Әсіресе өнеркәсіп, тұрғын үй құрылысы, шағын қалаларды дамытуға басымдық берілмек.

Қарағанды өңірі келешекте жоғары технологиялық өндіріс орталығына айналуы тиіс. Оған облыстың әлеуеті жетеді. Қазір мұнда ондаған инновациялық жоба жүзеге асып жатыр. Тек жарты жылда аймаққа 400 млрд теңге инвестиция тартылған.

Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:

- Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ірі металлургиялық кәсіпорындар шоғырланған өңірлерді дамытуға қатысты тың көзқарас керек деді. Яғни біздің өндірістік өңірді Жолдауда айтылғандай орталыққа айналдырудың идеясы бүгіннен басталып, тың көзқарас қалыптасуы тиіс.

Жолдаудың 4-бағытында халықты жаппай баспанамен қамту мәселесі айтылған. Осыған орай Қарағанды облысында тұрғын үй құрылысы 1,5 есеге ұлғайтылмақ. Қазір өңірде көпбалалы төрт мың отбасы үй кезегінде тұр. Әр жыл сайын шамамен мың жанұяға пәтер беру жоспарда.

Ләззат Қожахмет, қоғам белсендісі:

- Көпбалалы аналардың ең басты мәселесі – баспана. Осы баспана мәселесін шешуге биыл бастама қойылды. Екіншіден Әлеуметтік кодексті қолға алмақ. Бұған дейін жалғыз басты, мүгедек баласы бар, көпбалалы аналардың мәселелері әртүрлі шешіліп келді. Енді оның барлығы бір заңмен реттелетін болады. Ең басты жеңілдік – осы.

Моноқалаларды дамыту мәселесі де Қарағанды аймағы үшін аса маңызды. Себебі еліміздегі 27 шағын қаланың сегізі кенді өңірде орналасқан. Онда облыс халқының 42% тұрады. Елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса бермек. Облыс активінде сондай-ақ 2025 жылға дейін республикалық маңызы бар бір мың шақырым жол жөнделетіні айтылды.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев