Хабар телеарнасы

«Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Мемлекет басшысының тапсырмасымен басталған «Сарыарқа» магистральды газ құбыры құрылысының екінші кезеңі қарқынды жүріп жатыр.

Қазір ірі елді мекендердің бойында газ тарату станциялары салынып, көгілдір отынды үйге жеткізу жұмыстары қолға алынған.

Қарағанды қаласының тұрғыны Аман Әбжанов ақсақал үйін жылыту үшін бір қыста 8 тоннаға дейін көмір жағады екен. Бұл қыруар қаржы мен бейнетті талап етеді. Сондықтан газдың келуін тұрғындар тағатсыздана күтіп жүр. Қазір құбыр үйдің іргесіне дейін жеткен, енді ішке тарту ғана қалды.

Аман Әбжанов, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Жылына 7-8 тонна көмір жағамыз. Оны енгізу бар, күлін шығару бар. Газ келсе, от жағудан құтыламыз.

Мың шақырымнан асатын магистральды газ құбырының басым бөлігі Қарағанды облысы арқылы өтеді. Яғни келешекте өңірдегі 9 қала мен 114 елді мекен көгілдір отынмен қамтылмақ. «Алты ай от жағатын ауылдар газға көшкенде аймақтың экологиялық жағдайы да күрт жақсарады», – дейді мамандар. Жыл соңына дейін Қарағанды облысындағы алғашқы 3 мың үй газға қосылады.

Данияр Кәрібаев, Энергетика басқармасының бөлім басшысы:

- 80% құрылыс жұмыстары аяқталды. Ол бірінші кезеңде 3 мыңнан астам үйге газ беруге мүмкіндік береді. Қазіргі кезде дәнекерлеу жұмыстарын тексеру жүргізіліп жатыр. Биылғы жылу маусымынан бастап кезең-кезеңімен газ беру жұмыстары басталады.

Ал Ақмола облысына газ келесі жылы келеді. Көгілдір отынның игілігін алдымен елорда іргесіндегі Аршалы және Целиноград аудандарының халқы көрмек. Жоспар бойынша бірінші кезекте 20 ауыл газға қосылады. Онда шамамен 35 мың халық тұрады. Әзірге автоматтандырылған газ тарату қондырғысы салынып, екі ауылға құбыр тартылып жатыр. Ал облыс орталығына табиғи отын сәл кештеу келеді.

Жасқайрат Садықов, облыстық Энергетика басқармасының бөлім жетекшісі:

- Бүгінгі таңда жобаларға түзету енгізіліп жатыр. Онда газ құбырларын Көкшетауға дейін тарту көзделген. Жоба қайта жасалған соң оны Үкіметтің қарауына ұсынамыз. Қаржы бөлінсе, құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталады.

Игі жоба аяқталған кезде 2,7 млн адам көгілдір отынмен қамтылмақ. Бұл мақсатқа мемлекет қазынасынан 56 млрд тг қаржы бөлініп отыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Дамир Берікұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев