Хабар телеарнасы

Junior Eurovision ән байқауы Ұлттық іріктеуінің екінші кезеңі басталды

Қазір әділ қазылар алқасының отырысы өтіп жатыр. Олар келесі кезеңге өтетін ең мықты 30 қатысушыны анықтауы тиіс. Кейін оларды jevision.khabar.kz сайтында интернет-дауыс беру арқылы қазақстандықтар іріктейді.

Риат Шони, тілші:

- Естеріңізге сала кетейік, «Хабар» Агенттігі Азия-Тынық мұхиттық хабар тарату одағына (ABU) мүше болғалы осындай ірі халықаралық жобаларды ұйымдастыру мүмкіндігіне ие болды. Осымен Қазақстан Junior Eurovision ән байқауына үшінші рет қатысқалы отыр. Алғаш рет Данэлия Тулешова бағын сынаса, одан кейін Ержан Максим Польша төрінде ән шырқап ІІ орынға ие болған еді.

Хамит Шанғалиев, қазылар алқасының мүшесі:

- Бұл – ән фестивалі, ән конкурсы. Демек, біріншіден, ән мықты болу керек. Екіншіден, біздің әншіміз ағылшынша білуі керек. Өйткені халықаралық байқауда әннің 60% туған тілінде болса, 40% ағылшын тілінде шырқалуы керек.

Ұлттық іріктеуге қатысу үшін өтінімдер жер-жерден келген болатын. 684 өтінім келіп түскен еді. Оның 72 қатысушысын музыка департаменті іріктеп алған болатын. Ал енді әділ қазылар соның ішінен 30 қатысушыны іріктеп алу қажет. Әділ қазылардың айтуы бойынша таңдау өте қиын болып жатыр. Ал 30 өнерпаздың ішінен 12 финалисті онлайн дауыс беру арқылы халық таңдайды.