Хабар телеарнасы

Алматыны дәрімен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапты

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев фармацевттер қауымдастық өкілдерімен жиі кездесіп, қалада дәрі тапшылығын болдырмауға күш салуда. Бұл дәрі-дәрмектердің дәріханалар мен инфекциялық стационарларға іркіліссіз жеткізілуін қамтамасыз етеді.

Заңғар Сәлімбаев, Алматы қ. әкімдігі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша үйлестіруші:
- Алдымызда келе жатқан күздік-қыстық кезеңдерде ОРВИ гриптің пайда болуына байланысты нарықты тұрақтандыру үшін тұрақтандыру қорына 5 миллиард теңгені бөліп, екінші резервтік қор құрылған болатын. Оған да әкімшілік тарапынан 5 миллиард теңге бөлінген.

Шілде айынан бастап қалада тәулік бойы жедел желі жұмыс істеуде. Мамандар тұрғындарға қандай дәріні қай жерден алуға болатыны туралы ақпарат береді. Ал дәрілердің бағасы мен оның сатылымда бар, жоғын мобильді топтар бақылайды.

Ерлан Тұрлыбек, Қолдау кәсіпкерлік орталығының рұқсат құжаттар бойынша бас менеджері:
- Шілде басында 1000-нан аса қоңырау қабылданды. Қазіргі уақытта 21 шілдеде қоңырау саны 5 есе азайды. Шамамен 200-250-ге жақын қоңырау қабылдап жатырмыз. Көбінесе халыққа сұраныс көп дәрі бойынша түсіп жатыр. Сол дәрі-дәрмектер бойынша біз қолымыздан келгенше ақпарат берудеміз.

Қазір қаладағы дәріханаларда кезек жоқ. Ең бастысы –дәрігердің нұсқаулығы болса, кез келген дәріні еш кедергісіз сатып алуға болады.

Авторлар: Гүлжан Көленқызы, Радик Жақыпов