Хабар телеарнасы

Қарағанды облысында эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді

Соңғы аптада провизорлық госпитальдардағы орын саны 42,6% дейін босап қалған. Сәйкесінше жедел жәрдемге артылған салмақта біртіндеп бұрынғы қалыпқа келе жатыр.

Жезқазған аймағында бүгінгі күні коронавирустық індет жұқтырғандар саны 2300-ге жуықтады. Тағы 52 адам осы індет салдарынан көз жұмған. Осы жағдайды оңалту мақсатында Жезқазған қаласында Денсаулық сақтау басқармасының аймақтық өкілдігін ашу туралы шешім қабылданған болатын. Бүгінде бұл бастама өз нәтижесін бере бастады.

Ләззат Ранова, Денсаулық сақтау басқармасының Жезқазған қаласындағы аймақтық өкілдігінің жетекшісі:

– Жезқазған қаласында Денсаулық сақтау басқармасының аймақтық өкілдері саны 2 есеге өсті. Бұл қазіргі қиын кезеңде аса қажет деп ойлаймын. Себебі білікті кадрлар қажет-ақ. Оның үстіне жұмыс көлемі де едәуір артты. Сондықтан алдағы уақытта біздің тұрғындарға көрсетілер медициналық көмектің сапасы жақсарады деп сенемін.

Қазір COVID-19-ға арналған инфекциялық орындар 42,3% босап тұрса, реанимациялық бокстар 35% бос тұр. Жалпы қауіпті індетті жұқтырғандарға арналған 800-ден астам төсек орын бар. Бүгін Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жезқазған қаласының көпбейінді ауруханасына барып, жұмыс барысын көрді. Артынша онлайн-брифинг өткізіп, тұрғындар сауалына жауап берді.

Ержан Нұрлыбаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Маусым айының басында бізде ЖРВИ мен пневмонияға байланысты тәулігіне  198 шақырту болған болса, араға 20 күн салып ол 2 мыңға дейін жетті. Ал қазіргі уақытта жағдайдың айтарлықтай тұрақталып келе жатқанын байқалады. Енді күз-қыс айларына дайындық басталмақ. Бұрынғы инфекциялық аурухананы қайта жөндейміз. Материалдық-техникалық тұрғыда да 1 млрд теңгеге инвестиция тартылады. Осында жас мамандарды тарту үшін тағы 32 пәтер сатып алу жоспарланып отыр.

Атап өткен жөн, қазір осында тәулігіне 500 ПТР сынама алатын лаборатория жұмыс істейді. Стационарлардың дәрі-дәрмекпен қамтылуы 95% құрап отыр. Облыс орталығынан шалғайдағы аймақты дәрімен үздіксіз қамту үшін Қарағандыдан тұрақты түрде дәрі-дәрмек жеткізіліп тұрмақ.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков