Хабар телеарнасы

Павлодардың провизорлық орталықтарына 49 оттегі концентраторы жеткізілді

Ottegi apparaty

Өңірде өкпенің вирустық инфекциясы өршіп тұр. Бір ғана «Баянтау» орталығы өткен тәулікте 70 науқасты қабылдапты. Дегенмен, дәрігерлер аймақтағы жағдайдың біршама жақсарғанын айтады. Бұған карантиндік шектеулер оң әсер еткен.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Бұл ауруханада жүрегі сыр берген науқастар емделеді. Эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына орай медицина қызметкерлерінің күші бір арнаға тоғысты. Кардиохирургия бөлімшесі қазір провизорлық орталыққа айналған. Мұнда 140 науқас емделіп жатыр.

Аманжол Сарбасов, провизорлық орталықтың меңгерушісі:

- Ең алдымен бұл науқастарға ылғалды оттегі керек. Бұған дейін өткір тапшылық сезілген болатын. Қазір, міне, жомарт жандардың қолдауына ие болып жатырмыз. Сол үшін алғыс айтамын.

Ал Баянтау провизорлық бөлімшесінде 135 науқас емделіп жатыр. Бір тәулікте вирустық пневмония диагнозымен 70 адам түскен. Жағдайлары орташа ауыр деңгейде. Науқастардың денсаулығына алаңдаған жомарт жандар провизорлық орталыққа оттегі концентраторларын табыс етті.

Даниат Байдәулетов, Баянтау провизорлық бөлімшесінің меңгерушісі:

- Медицина саласына қолдау көрсетіп жатқан азаматтарға алғысым шексіз. Біз өткен аптада 3 оттегі концентраторын алдық. Олардың бәрі науқастарды емдеуге қолданылып жатыр. Бүгін тағы екеуін әкелді. Бұл құрылғылардың тиімділігі зор. Бүгінде Мойылды шипажайы да уақытша госпитальға айналды. Шілденің 3-інен бастап ондағы провизорлық орталыққа 300 науқас түсіпті. Қазір 135 адам емделіп жатыр.

Алтын Ақтанова, Мойылды провизорлық орталығының аға медбикесі:

– Науқастарға қажет болып тұр. Осы кәсіпкерлерден көмек дер кезінде келіп тұр. Осыған рахмет. Енді ары қарай ойлаймыз бәрі жақсы болады.

Бекзат Ұмытшақов, кәсіпкер:

– Қазір Павлодар облысы, Павлодар қаласына көмек ретінде 49 аппарат әкеліп жеткіздік. Ресейлік оттегі аппараттары – дәрігер мамандардың айтуы бойынша өте қажетті зат. Ең бастысы, осы ауыр кезеңде кәсіпкерлерге айтатыным: осындай шараларға атсалысып, жақсы іс-әрекетке қосылайық. Туған өлкемізді қолдау керек деп ойлаймын.

Бастапқы кезеңге қарағанда өкпенің вирустық инфекциясына шалдығу деңгейі сәл де болса төмендеген. Өңірде карантиндік шектеулер өз күшінде қалып отыр. Демалыс күндері қоғамдық көлік қозғалысы тоқтады. Халық көп баратын ірі сауда үйлері мен тамақтану орындары жабылған.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий