Хабар телеарнасы

Жыл басынан бері жолдағы құрылыс жұмысы шамамен 30% орындалды

Жыл басынан бері жолдағы құрылыс жұмысы шамамен 30% орындалды

Бұл – өткен жылмен салыстырғанда төрт есе артық көрсеткіш. Бүгінге дейін жолшылар ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып, жылдық жоспардың 30% орындады, деп хабарлайды ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, асфальт-бетон жабындысы жолдардың 257 шақырымында төселді. Бұдан бөлек, жолдардың 316,3 шақырымында жол негіздемесінің жоғарғы қабаты, 362 шақырымында негіздеменің төменгі қабаты төселген. Сонымен қатар жолдардың 396 шақырымында төсеме қабаты жатқызылса, 24,984 мың шаршы метр жолда жер қазу жұмыстары орындалды.

Айта кету керек, елімізде автомобиль жолдары саласындағы жұмыстарға техниканың 7,5 мың бірлігі мен 200 мың адам жұмылдырылған. Бүгінгі таңда ұзындығы 48 шақырымды құрайтын төрт жолақты Қарағанды қаласының солтүстік және шығыс айналма жолдарының құрылысы, Маңғыстау облысында ұзындығы 15,6 шақырымды құрайтын МАЭК – Жылы жағажай автомобиль жолының құрылысы аяқталған.

Еске салайық, биылғы маусымда республиканың автомобиль жолдарының төрт мың шақырымында жолдарды салу және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Жыл соңына дейін І-ІІ техникалық санаттағы жолдардың үлесі 40% құрамақ.