Хабар телеарнасы

Қазақстанда тауарлар мен қызмет бағасы жылдам өсіп жатыр

Қазақстанда тауарлар мен қызмет бағасы жылдам өсіп жатыр

Мұндай өсім 2011 жылдан бері алғаш рет тіркелді. Статистика комитетінің мәліметтеріне қарағанда маусымда инфляция деңгейі 0,4% болды. Яғни елде тауар мен қызмет ақысы жылдам өсіп жатыр. Мәселен, жыл басынан бері азық-түлік 7,3% қымбаттады. Оның ішінде еттің құны 6,5% өскен. Салыстырмалы түрде қарасақ, соңғы төрт айдан бері қой еті айына 2% қымбаттап келеді. Ал жылқы еті наурыз бен шілде арасында 6,3% өскен. Мұндай өсім соңғы сегіз жылдан бері алғаш рет тіркелді. Сондай-ақ жаздың алғашқы айында жарма 3,5% қымбаттады. Көкөніс 2,4% өсті.

Жыл басынан бері азық-түлікпен қатар қызмет көрсету және өзге де тауарлардың құны 2,5% өсті. Оның ішінде медицина саласының қызмет ақысы 2,6% қымбаттаған. Ал дәрі-дәрмектің құны 0,8% көтерілді. Мамырда карантин талаптары жеңілдеп, қоғамдық тамақтану орындары ашылғанын білесіздер. Үш айдай табыссыз отырған саланың да қызмет ақысы 1,2% өсіммен басталды. Десе де, жыл басынан бері елде жанар-жағармай арзандады. Сәйкесінше тасымал ақысы да төмендеген. Мәселен, биылғы төрт айда теміржол билеттері 1,4%, ал ұшақ билеті 2,5% арзандаған.

Қазақстандықтар қолма-қол ақшадан төлем карталарына бет бұра бастады. Маусымдағы мәлімет бойынша елімізде 38 млн дана банк картасы қолданыста жүр. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 54,7% көп. Төлем картасын еліміздегі 22 банк пен «Қазпочта» АҚ өз клиенттеріне ұсынады. Биыл бес айда осы карталардың көмегімен 16 трлн теңге транзакцияланды. Сондай-ақ қазір қашықтан қызмет көрсете алатын ПОС терминалды қолданушылар көбейіп келеді. Сәйкесінше елде терминалдардың саны 15,5% өсті.

Енді валюта бағамына тоқталсақ, Ұлттық банк белгілеген ресми бағам бойынша АҚШ-тың бір доллары 405 теңге 69 тиынға тең. Ал еуро 455 теңге 51 тиын. Ресей рублі 5 теңге 72 тиын деп белгіленген.