Хабар телеарнасы

Қазақстан сарбаздары Жеңіс парадына қатысуда

Биыл тарихи компонентке ерекше назар аударылған. Жаяу әскер, ұшқыштар, матростар, инженерлер, барлаушылар және шекарашылар киімін киген әскерилер Ресейдің басты алаңымен жүріп өтуде. Ал шеруге қатысатын шетелдіктердің арасында Қазақстан Қарулы Күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскері де бар. Көпшілік жаңа ғана қазақстандық әскерилердің Қызыл алаңмен жүріп өткенінің куәсі болды.

Мәскеудің Қызыл алаңында өтіп жатқан Жеңіс парадына Қазақстан Қарулы күштерінің сарбаздары шықты. Бұл – олар үшін бабалар рухына тағзым әрі құрмет. Парадқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы барды. Президент жұмыс сапары барысында Мәскеудегі «Белгісіз сарбаз» зиратына гүл шоқтарын қойып, Ресей Президентінің салтанатты қабылдауына қатысады. Биылғы парад күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты қатаң тәртіпке сай өтуде. Шара қонақтарының және Қызыл алаңмен жүріп өтетін сарбаздардың қауіпсіздігі ескерілген.

Парадты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Босния және Герцеговина, Молдова, Сербия басшылары тамашалауда.

Айта кетейік, Жеңіс парадын өткізу датасы кездейсоқ таңдалмаған. Осыдан тура 75 жыл бұрын 24 маусым күні жеңімпаздардың ең алғашқы легі дәл осы Қызыл алаңмен жүріп өткен болатын. Сондықтан бүгінгі күннің мән-маңызы ерекше. Шеру басында аты аңызға айналған Т-34 танктері болады. Мәскеу көгімен 75 ұшақ пен тікұшақ ұшып өтеді. Ал шетел колоналарын ТМД елдері, сондай-ақ Үндістан мен Қытайдың әскери қызметшілері бастап жүреді.