Хабар телеарнасы

Майданда жазылған хат ұрпақтарды табыстырды

Сол кезде тілшілеріміз Алматы облысына барып, танкист майдангердің туысымен кездесіп қайтқан еді. Сол бейнематериалды теледидардан көрген жауынгердің немерелері редакциямызға хабарласып, көпшілікке беймәлім естеліктерімен бөлісті.

Сарғайған хатта көрсетілген мекенжай іздеушілерді Талғарға әкелген еді. Аға лейтенант Михаил Тимофеев хатты анасына жазған екен. Ол туралы бізге туыс інісі Павел Мальков айтып берген болатын. Жауынгер туралы бейнематериалды оның немере қыздары көріп, бауырластардың қатары көбейді.

Татьяна Тимофеева, Михаила Тимофеевтің немересі:

- Өте бір таңғаларлық жағдай болды. Анам теледидарды қосқаны сол еді, атам туралы сюжет беріліп жатыр екен. Анам бірден таныды. Тіпті оның қолтаңбасын да ұмытпаған екен. Күтпеген жағдайдан аздап есеңгіреп қалдық. Шынын айтқанда сол сезімнен әлі де арыла алмай тұрмыз. Сіздерге алғысымыз шексіз.

Михаил Тимофеев соғыс жылдарында танк әскері қатарында жаумен шайқасқан. Курс доғасына, Сталинград шайқасына қатысып, Берлинді алуға атсалысқан. Соғыс кезінде бірнеше рет жараланған, аға лейтенант Ұлы Отан соғысының I және II дәрежелі орденімен, «Жеңіс үшін» медалімен марапатталған. Алайда мұны жауынгер немерелеріне ешқашан көрсетпепті. «Соғыс туралы да аз айтатын», - дейді олар. Ал әйелімен қалай танысқанын бүкіл туыстары біледі. Ол ригалық қызға үйленген. Жау қолына түскен танкшіні аяусыз қинап, шұңқырға тастаған жерінен Эмилия мен оның әпкесі шығарып алып, жертөледе күтіп, аман алып қалады.

Татьяна Тимофеева, Михаила Тимофеевтің немересі:

- Атам айтатын, Эмилия жертөледегі ең әдемі қыз болды деп. Бірден ұнатыпты. Алайда атам майданнан қайтып келгенде ол күйеуге шығып кетіпті. Бірақ балалары жоқ екен. Өзінің махаббатын дәлелдеп, келіншекті өзіне қаратқан. Артынша үйленіп, 20 жыл керемет жарасымды жұп болып өмір сүрді.

Соғыс ардагері жүрегінде оқтың жарықшағы болса да, ешқашан денсаулығы туралы шағым айтып, жеңілдіктерді пайдаланбаған. Батыр жүрек соғыс салған ізден қайтыс болды. Бірақ арада қанша жыл өтсе де, оның ұрпағы ерлігін еске алудан жалыққан емес. Себебі ол миллиондармен бірге баға жетпес байлық – Жеңіске қол жеткізуге өз үлесін қосты.

Авторлары: Алмас Садуақас, Гүлжан Көленқызы, Анастасия Вылегжанина, Валентин Лобанов