Атырау облысында малшы мен сауыншыға сұраныс жыл сайын артып келеді

Салдарынан сиыр сауылмайды, қымыз-шұбат өндірілмейды. Қолы қысқарған шаруалар тек малдың басын өсіріп, сатумен ғана шектелуге мәжбүр.

Атырау облысында малшы-сауыншыға сұраныс жыл сайын артып келеді. Алайда бұл тек мұнайлы өлкеде ғана емес, барлық аймақта бар мәселе. Бұл – тұрғындарды табиғи таза азық-түлікпен қамтуға, ал шаруалардың қыруар табыстан қағылуына әкеп отыр.

Бұл шаруашылық биыл қыстан күйлі шықты. Қазір 60 бұзаулы сиыры мен 30-дың үстінде бие құлындап тұр. Ұтырын тапса, аққа қарық болатын шақ. Алайда барды ұқсата алмаған бақташылар шайдың сүтін қаладан тасымалдайды екен.

Райыс Серікбайұлы, малшы:

 - Сауатын адам жоқ. Бәрі ер адам. Оған бізде уақыт жоқ.

Қызылқоға ауданындағы «Құрман» шаруа қожалығы биыл тауарлы сүт фермасын құрмақ. Қазір ауыл іргесіне қадасы қағылған құрылыс бой көтеріп қалған. Қожалықта 650 бас мүйізді ірі қара мен 150 түйе, 500-ден астам жылқы бар. Барлығы дерлік төлдеген. Демек, өнім өндіруге шикізат жетерлік. Тағы да сол мәселе – бақташы мен сауыншы жоқ. Амалы құрыған шаруалар малды ауыл шетіне әкеліп, жалдамалы жұмысшыларды ұстауға мәжбүр.

Құрманбек Жаңабаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Малшы мәселесі қазір барлық шаруашылық үшін өзекті мәселеге айналып отыр. Малшы таптырмайды. Айлығын беріп жатырмыз. 100 мың теңге төлеймін.

Ала қырда малдың соңында жүруге екінің бірі құлшыныс таныта бермейді. Себебі онда интернетпен келген өркениетті айтпағанда, қарапайым электр жарығы жоқ. Отынға қи мен тезек жағылады. Ондай тірлікке екінің бірі шыдай алмасы анық. Инфрақұрылымның жоқтығы өнім өндіруге де қолбайлау. Бүгінде мұнайлы өңірде қымыздың 1 литрі 1 500, шұбат 1 200, ал қолдың қаймағы мен майының келісі 2 000 теңге. Барлығы дерлік көршілес облыстардан, қала берді Ресейден тасымалданады. Ет өнімдері де солай. Ал жергілікті фермерлердің бар бизнесі малдың басын көбейтіп, төлін сату ғана. «Бұл – кеткен шығынның жартысын да жаппайды. Ол үшін салаға жаңа бетбұрыс керек», – дейді шаруалар.

Мұрат Сарманов, Қазақстан фермерлер одағы АОФ төрағасы:

- Әр жерде отырған шаруа қожалықтарына қаншама баған тартып, электр энергиясын апарғаннан гөрі, мына дамыған заманда күн панельдерін қойсақ, бір шаруашылыққа өнім өндіруге, шағын цех ашуға, бүкіл ішкі тұрмыстық жағдайын қамтуға сол жетер еді. Осыны қолға алу керек болып тұр.

Қыстақтарға жарық пен газ тартып, игілігін көруге екінің бірінің шамасы келмейтіні анық. Сондықтан салаға инвестиция тарту керек. Егер мал табындарының ортасына қуатты электр желісі мен табиғи газ құбыры болса, өнім өндіруге жол ашылар еді. Бұл бағытта облыста қолға алынған жобалар бар. Бірақ әзірге көңіл көншітпейді. Салдарынан қалалықтар табиғи өнімнен тарықса, қожалықтар бақташы таппай сандалып жүр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев