Хабар телеарнасы

Коронавирусқа қарсы отандық вакцина адамдарға күзде егіле бастайды

Отандық вакцина қазір тышқандарға егіліп, сынақтан өтуде. Осы күзде адамдарға сыналатын болады. Бұл жайында Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа вирусты ойлап табуға мыңнан астам ғылыми атағы бар қызметкерлер мен «Болашақ» бағдарламасының 157 стипендиаты жұмылдырылып отыр. Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов медициналық және ветеринариялық мақсаттағы вакциналар шығаратын зауыттың құрылысы басталғанын хабарлады. Жамбыл облысында салынып жатқан зауыт жылына 60 млн дозаға дейін вакциналар шығарып, болашақта импортты алмастырмақ. Ал Премьер-Министр Денсаулық сақтау министрілігіне әкімдіктермен бірлесіп, коронавирус инфекциясының таралуына қарсы жаңа шаралар кешенін бір апта ішінде дайындауды тапсырды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Денсаулық сақтау министрілігіне әкімдіктермен бірлесіп, коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес бойынша жаңа шаралар кешенін бір апта ішінде дайындауды тапсырамын. Индустрия және Денсаулық сақтау министрліктері қорғаныс құралдарының отандық өндірісін ұлғайту және халық үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдасын. Мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, жасанды тыныс алу аппараттарын және жеке қорғаныс құралдарының жеткілікті қорын жасауды тапсырамын. Олар мемлекеттік материалдық резервте болуын қамтамасыз етіңіздер. Әкімдіктер ірі кәсіпорындардың жұмыскерлерін жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету мәселесін пысықтасын.