Хабар телеарнасы

Білікті мамандар: Екпе салу қоғамның саулығы үшін маңызды

Ел дәрігерлері екпе салу арқылы қызылша, қызамық, туберкулез, сіреспе, дифтерия, жұлын қабынуы секілді 14 қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алып жүр. Вакцинацияның қоғам, жалпы бүкіл ел үшін маңызы туралы қазір жер-жерде, өңірлерде жаппай түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Қазақстан 2002 жылы екпенің арқасында полиомиелиттен таза ел ретінде тіркелді. Вакцинацияның арқасында шешек ауруына шалдығу да сап тиылды. «Ата-ана өз баласын түрлі дерттен аман сақтауы үшін екпе салдырғаны абзал», – дейді білікті мамандар.

Сәуле Барақбаева, Қарасай аудандық ауруханасы жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі:

- Вакцинация – медицина саласының өткен ғасырдағы ең үлкен жетістіктерінің бірі. Соның арқасында көптеген ауруды жеңіп шықтық. Сондықтан екпе жасатудан бас тартуға болмайды. Ол ең алдымен әрбір адамның өз денсаулығы үшін өте маңызды.

Ұлтуған Әбдірахманова, педиатр-дәрігер:

- Жастар түсіне қоймайды. Балаларымыз мүгедек болып қалады деген түсініктері дұрыс емес. Керісінше вакцина жасалмаса, менингит, пневмония болуы мүмкін. Қазіргі кезде ауру түрі көбейіп кетті, алдын ала емдемесек болмайды.

Былтыр елімізде 4 млн 841 мыңнан астам балаға екпе салынған. Тек 6003 ата-ана ғана қарсылық білдірген. Ел дәрігерлері вакцина сапасы толық тексерілетіндіктен, халықты вакцинацияға келісуге шақырады. Әйтсе де, бірде-бір адамды мәжбүрлеуге болмайды.

Надежда Петухова, ДСМ жанындағы қоғамдық кеңестің, Еуразиялық медициналық қауымдастықтың төрайымы:

- Екпе салудан күрделі асқыну деген ешқашан тіркелген емес. Былтыр 5 млн-ға жуық балаға вакцина жасалды, оның 143-інің ғана денсаулығынан болар-болмас әсері байқалды. Бірақ ауруға шалдықты деген факті болған жоқ. Деніміз сау болу үшін қоғам болып жұмылуымыз қажет.