Хабар телеарнасы

Биыл елордада 6 млн гүл мен 20 мың ағаш егіледі

Алдағы 20 күнде астана ажары арта түседі.

Бірлік Берікұлы, тілші:

- Адам көркі шүберек болса, дала көркі – жайқалған жасыл желек. Елорданы гүлдендіру үшін 1 жылда 6 млн-нан астам гүл өсіріледі. Олар осындай 10 шақты жылыжайда күтіп-бапталады. Асқан төзімділікті талап ететін әдемі әрі өте нәзік гүлдер қаңтар айынан мамырға дейін егіледі. Жалпы мұнда гүлдің 46 түрі бар. Бұл гүлдердің түп төркіні Еуропа саналады. Тұқым кәрі құрлықтан тасымалданады. Жылда солай. Сондықтан әкелінген әр дәнектің өнуі аса маңызды. Ол үшін бұл жылыжайда 42 қызметкер тыным таппайды: егеді, суарады, қопсытады. Қысқасы, қыстың бел ортасынан бастап жаздың басына дейін байыппен баптайды.

Айгүл Жайлаубаева, гүл өсіруші:

- Кассетаға тұқым сеуіп, мәшенкемен шығарамыз. Одан осындай гүлдер өседі. Мынау – тегетсис деген гүл.

Өнген өсімдіктер жылылықты ұнатады. Мұндағы температура 25 градустан төмен түспейді. Суықты сіңірсе, өсуі екіталай.

Айгүл Жайлаубаева, гүл өсіруші:

- Гүлдерді таңертең, түсте, кешке – үш мезгіл жылы сумен суарамыз. Мұздай сумен гүл суаруға болмайды.

3-4 ай күтім көрген гүлдер ақыры жерге егіледі. Сырт көзге әдемі болып көрінгенімен, бұл істің машақаты көп. Сондықтан мәпелеп өсірген гүлдерді босқа екпейді.

Гүлдер қазан айына дейін жайқалып тұрады екен. Мұндай маусымдық көшеттің 80% келесі жылы қайта егіледі. Ал ұзақмерзімді нәзік өсімдіктің 20% егілген жерінде тозаңданады.

Бибігүл Бектемісова, «Астана көгалдандыру» АҚ мекемесі басшысының орынбасары:

- Көпжылдық гүлдердің бір жақсысы: көлемін көбейтеді. Күн кетіп қалса, ренжіген сияқты жабылып қалатын гүлдер бар.

Жалпы қаланы жайқалтуға 6 млн гүл кетеді екен. Тағы жыл сайын 20 мыңдай ағаш отырғызылады. Жартысы көктемнің басында, қалғаны күзде. Әрине, Арқа төсіндегі аяз бен желдің екпіні есепке алынған. Табиғаттың тосын мінезіне төтеп беретін қылқанжапырақтылар мен теректер, қарағай, аққайың секілді ағаштар егіледі. Міне, жалпы ел астанасын көгалдандыру барысы осындай.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Аян Сәрсенбаев