Хабар телеарнасы

Алматы облысында соңғы қоңырау онлайн соғылды

Жетісу өңіріндегі 760 мектепте биыл 411 мың оқушы білім алды. Соның 15 мыңы – мектеп бітіруші. Әзірге 11 мың түлектен ҰБТ тапсыруға өтінім түскен.

Талдықорғандық Туғанай Аяпова, Мұхтар Арын атындағы №24 мектеп-лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Жалпы еңбек өтілі – 34 жыл. «Қашықтан оқытуға бұрыннан үйренгенімізбен, өзімнің жұмыс тәжірибемде онлайн режиміндегі соңғы қоңырау шарасына бірінші рет куә болып отырмын», – дейді ол.

Туғанай Аяпова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Ол – енді елдің, халықтың амандығы үшін жасалып отырған ел ағаларының ісі. Біз оны құптаймыз. Бетпе-бет, бір-біріміздің энергиямызды сезінбегеніміз болмаса, қашықтан оқыту анау айтқандай кедергі келтіріп, зиянын тигізіп отырған жоқ. Балаларымыз білімін сол ұстаздан алып отыр, сабағын түсініп отыр. Жаман емес.

Ұстаз бақыты шәкіртінің жетістігін көру болса, Туғанай Аяпованың қалалық, облыстық, республикалық олимпиадаларда жүлде алып жүрген оқушылары аз емес. Солардың бірі – Аяжан Серік. Ол биылғы оқу жылында II республикалық Абайтану олимпиадасына қатысып, II дәрежелі дипломмен марапатталды.

Аяжан Серік, оқушы:

- Әрине, мектепте оқыған мен үйде оқығанның айырмашылығы жер мен көктей. Дегенмен қашықта оқып жатқан күннің өзінде біздің ұстаздарымыз бізге барынша көмек көрсетіп, осы біздің лицейіміздің басшысы Ғалиева Мәрия Бейсетбайқызы бар мүмкіндікті жасап отыр. Ұстаздарға үлкен алғыс айтамыз.

Гүлнұр Ержанова, Аяжан Серіктің анасы:

- Бұл жерде енді өзінің қиындықтары да бар. Бірақ мектеп әкімшілігіне өте көп рахмет! Тек қана мектепке бармады дегені болмаса, бала барлық білімді игеріп, барлық оқу бағдарламасы өз деңгейінде өтіп жатыр.

Алматы облысында биылғы оқу жылында 15 мыңнан астам оқушы мектеп бітірсе, әзірге 11 мың түлектен ҰБТ тапсыруға өтінім түскен.

Айжан Адамбекова, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:

 - Жағдайға байланысты қорытынды аттестаттау жүргізілген жоқ. Яғни оқушылардың аттестаттары жылдық бағаларымен толтырылады. Аттестаттарды тапсыру рәсімі және 11-сынып оқушыларына арналған соңғы қоңырау 3-4маусым күндері жүргізіледі.

Өңірдегі әрбір мектепке еліміздің Білім және ғылым министрлігі әзірлеген «Birgemiz: Түлек-2020» тұжырымдамасы таныстырылды. Соған сәйкес мектеп бітіруге арналған салтанатты шаралар әрбір сыныпқа жеке-жеке өткізіледі және ол міндетті түрде ашық алаңда ұйымдастырылады. «Қатысушылар маска тағып келуі тиіс. Онда басы артық ешкім болмайды. Біз үшін түлкетер мен ата-аналардың қауіпсіздігі өте маңызды», – дейді мамандар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов