Хабар телеарнасы

Биыл 600 мыңнан астам студент емтихан тапсырады

Әрине, онлайн оқудың бағасы да онлайн болары анық. Бірақ «судың да сұрауы бар» емес пе? Баға қойылды, демек білімі соған сай ма, дәлелдеуі тиіс.

Емтихан тапсырып, диплом қорғайтын сәт те келіп жетті. Биыл 600 мыңнан астам студент емтихан тапсырса, соның 142 мыңдайы бітіруші курстар екен. Солқылдақ цифрлық жүйенің зардабын әбден тартқан оларға сала министрлігі түсіністік танытып, жеңілдік жасауы мүмкін бе?

Елдегі 116 жоғары оқу орны жарты миллионнан астам студентін онлайн оқытуға жібергеніне тура 60 күн болды. Бұл 2 ай біздегі цифрлық жүйенің ақсап тұрғанын әшкерелеп берді. Сөйте тұра оқытушыға да, студентке де жеңілдік беріп жатқан ешкім жоқ. Сабақтар кестеге сай жүргізілді. Оған интернет байланысы барлар қатысты, байланысы нашарлары тау-тасты кезіп кетті.

Данияр Ережепов, студент /Қостанай облысы/:

- Біріншіден, үйге берілетін тапсырма көбейді. Бәрін өз бетінше орындауың керек. Ол да оңай емес. Оның үстіне студенттердің бәрінде бірдей компьютер, интернет бар деуге келмейді. Бір-бірімізге барынша көмектесуге тырыстық. Емтихандарды қалай тапсыратынымыз әзірге белгісіз. Толығымен кейінге қалдырса дұрыс болар еді.

Бірақ министрлік емтиханды қалай алу керектігін әр оқу орнының құзырына қалдырды. Яғни қашықтан тапсыруға немесе жиынтық бағаның негізінде қоюға, оған мүмкіндік болмаса, кейінге шегеруге рұқсат берді. Бірақ кей оқу орындарында студенттердің алды алғашқы емтихандарын бастап та кетті.

Сымбат Бегімбай, студент /Түркістан облысы/:

- Онлайн түрде тапсырған емтиханның университетте жүріп тапсырғаннан қатты айырмашылығы жоқ. Бірақ бізге университетте жүріп тапсырған тиімді еді. Себебі емтиханалды сұрақтар өте көп болғандықтан, біз оларды достарымызбен отырып, пікір алмасып талқылайтынбыз. Ал қазір онлайн түрде болған соң, аз уақыт ішіндегі дайындық жеткіліксіз болып отыр.

Карантин кезеңі соңғы курс студенттері үшін де күтпеген тосын жайларға толы болғалы тұр. Биыл бір де бір жоғары оқу орнында салтанатты шара атымен болмайды. Дипломды қорғау да онлайн, тіпті табыстау да онлайн өтуі әбден мүмкін.

Мирас Дәуленов, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

- Студенттердің білімі екі кезең бойынша бағаланады. Біріншісі – дипломдық жұмысын қорғау. Олар бұл жобасын ақпан-наурыз айларында алдын ала қорғап шыққан болатын. Яғни негізгі кезеңнен өтті. Енді кешенді емтиханды әрқайсысы өз мүмкіндіктеріне қарап онлайн немесе жазбаша тапсырады, не болмаса жиынтық балмен есептеуге болады.

Қалай болғанда да пандемия қазіргі жағдайдан сабақ алып, талдау жүргізіп, бұл салаларды түбегейлі реформалау керек екенін көрсетіп отыр. Өйткені цифрлық жүйедегі шикілік небәрі екі ай ішінде саланы сансыратып тастады.

Ілияс Түстікбаев, Қазақстан студенттері альянсының президенті:

- Олар біршама қиындыққа тап болды. Бір үйде мектеп оқушысы да, студент те, ата-анасы да онлайн режимге көшіп отыр. Осы орайда техниканың жетіспеушілігі, интернет жылдамдығының аз болуы, материалдың жетіспеушілігі, кітапханаға бара алмауы секілді қиындықтарға тап болған болатын.

Ал студенттердің қашан қалыпты оқу режиміне көшері әзірге белгісіз. Күзде індеттің екінші толқыны жүріп өтеді деген де болжам бар. Сондықтан министр Асхат Аймағамбетов осы бастан қамдануға көшкен тәрізді. Оқуға онлайн құжат тапсыру, тегін тамаққа, жатақханаға онлайн өтініш жазу секілді жұмыстарды қазірден пысықтап жатыр.

Авторлары: Шынар Асанқызы, Тимур Қазағұлов