Хабар телеарнасы

«Birgemiz» қорынан халыққа әлі де қаржы беріледі

«Birgemiz» қорынан халыққа әлі де қаржы беріледі

Бұл іске ұзын-ырғасы үш мыңнан аса волонтер қатысты. Игі іс әлі жалғасады. Мұны Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдауы кезінде Елбасы айтты.

Елбасы елмен бірге. Өзі құрған тәуелсіз мемлекеттің халқын қашан да қолдап келеді. Қазір де солай. Қиын кезде жұрттың жанынан табыла білуді Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясына да айтты.

Індет әлемді әбіржітті. Қиын шақта ел Президенті халықты қолдау бойынша тиісті шешімдер қабылдағаны белгілі. Мұны да Елбасы атап өтті. Әсіресе көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі адамдар мен қарттарға қамқорлық жасалып жатыр.

Иә, «Birgemiz» қорына санаулы уақытта 20 млрд теңгеге жуық қаражат жиналды. Халықтың әлеуметтік жағдайын әлсіретпеу үшін кезінде «қор құрайық» деген Елбасы бастамасын қолдап, қаражатын аударғандарға Нұрсұлтан Назарбаев алғысын білдірді. Қорға түскен қаражаттың шарапатын мұқтаж отбасылар көріп жатыр. Сөзімізге дәлел, күні бүгінге дейін 152 мыңнан аса жанұяға «Birgemiz» қорынан 50 мың теңгеден берілді. Елорда мен Алматыдағы екі мыңнан аса медицина маманына тағы 50 мың теңгеден үлестірілді.

Қайырымдылық шараларына бел шеше кіріскен белсенді азаматтарға һәм волонтерлерге де еліміздің Тұңғыш Президенті ризашылығын жеткізді. Елде төтенше жағдай жарияланып, қалалар карантинге жабылғанда көптің абдырап қалғаны анық. Алайда билік жұртты қолдаусыз қалдырмады. 90-шы жылдардың тоқырауынан өткен еліміз бұл пандемияға да қасқайып қарсы тұрары ақиқат. Еңсені тік ұстап, алға басарымызға күмән жоқ. Ең бастысы дүрбелеңге бой алдырмай, қиын шақта біріге білу керек. Жеңіс жолында Nur Otan партиясы алдыңғы шепте болу тиіс. Елбасы осыны айтты. Қазірдің өзінде елдегі іргелі саяси ұйым қамсыз отырған жоқ. Қысылтаяңда халықты қолдау тұрғысында барынша жұмылып жатыр. Партияның халықты қолдау аясы кеңейе бермек. Сөз соңында Елбасы Бауыржан Байбекке осыны тағы бір мәрте мықтап тапсырды.

Авторы: Қорған Төреқожа