Хабар телеарнасы

Қызылорда облысында күріш себілетін күн жақын

Қызылорда облысында күріш себілетін күн жақын

Ерте көктемнен жер жырту, топырақ тегістеуге кіріскен шаруалар 183 мың гектар алқапты дән себуге толық дайындап қойды. Оның 88 мың гектары аймақ бренді – ақ маржанның үлесінде. Соқа-кетпені сайлаулы Сыр диқандары басты дақыл күріштен бөлек былтыр соя егуді бастаған. Енді сол егістік көлемін 290 гектарға ұлғайтып отыр. Одан өзге қант құмайы, жүгері мен жеміс-жидек алқаптары көбейеді. Картоп, пияз, сәбізді де көптеп егу керектігі карантинде көрініп қалды.

Қазіргі таңда Сыр өзенін ен жайлаған өңір егіншілері арпа, бидай, мақсары және жоңышқа секілді дақылдарды егуге кірісіп кетті. Қажетті тұқым мен минералды тыңайтқыш шаруа қожалықтарына толықтай жеткізілді. Аймақтағы арық-атыз, су арналары аршылып, гидроқұрылғылар қалпына келтірілді. Шабындық-жайылымдарға су жіберілді. Екі мыңдай трактор тіркеме, тұқым сепкішімен егіс басында жүр. Көктемгі дала жұмыстарына жеңілдетілген 14 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Сәуір және мамыр айларында алынатын дизель отынының литрі 162 теңгеге арзандатылды. Бұл агроқұрылымдарға үлкен қолдау болып отыр.

Егінші үшін сан уайымның бірі – алқапқа су жеткізу. Қазір Шардара мен Көксарайды қосқанда 7 млрд текше метр су қоры жиналған.

Сейілбек Нұрымбетов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының м.а:

– Жалпы бізге ауыл шаруашылығы дақылдарын тұрақты суаруға жыл сайын орташа 4,2 млрд текше метр су лимиті қажет. 7 млрд су қоймаларында бар. Оның барлығы тек Қызылордаға емес, Түркістан облысына бірге келеді. Су шығындарын есептегенде, жоғарыдан жаз айларында су көлемі қосымша кемінде 2,2 млрд текше метр түсу керек. Сол келетін суға байланысты мамандар болжамын әлде де нақтылап жатырмыз. Өткен жылғы көлемге қарағанда төмен екенін нақты айту керек.

Карантинге байланысты облыстың тосқауыл бекеттеріндегі азық-түлік пен медициналық құралдар жеткізуші көліктерге арналған жасыл дәліздермен ауыл шаруашылығы техникалары да кедергісіз жүре алады. Өйткені көктемнің әр күні – жылға азық.