Хабар телеарнасы

ІІМ қызметкері коронавирус жұқтырды

ІІМ қызметкері коронавирус жұқтырды

Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары мәлімдеді. Юрий Ильиннің айтуынша, қазір науқастың жағдайы тұрақты. Тиісті ем қабылдап жатыр. 530-дан астам адам онымен байланыста болған екен, деп хабарлайды «Хабар 24». Ал 80 адам үйде оқшауланыпты. Қауіпті індеттен көз жұмған немесе ауыр халде жатқан қызметкерлер жоқ. Юрий Ильиннің айтуынша, Ішкі істер министрлігі мен төтенше жағдайлар комитетінің 50 мыңнан астам қызметкеріне төтенше жағдай кезінде жұмыс істегені үшін үстеме ақы беріледі. Ол үшін 6 млрд теңге бөлініпті.

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алғы шепте тер төгіп жүрген дәрігерлермен қатар құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің жалақысы артады. Себебі біздің қызметкерлердің басым бөлігі блокпосттарда және медициналық нысанның тыныштығын күзетіп жүр. Одан қалды қаланы аралап, бақылау жүргізеді. Бір реттік төлем 52 мың адамға беріледі. Олар басшылық құрамда жұмыс істейтіндер емес. Барлығы дерлік қатарда жүрген қарапайым жауынгерлер.