Хабар телеарнасы

Ақтауда дәкеден жасалған бетперделер тегін таратылуда

Оған қажетті дәке, резеңке, ине-жіп және тігін машинкасымен аймақтың белгілі кәсіпкерлері қамтып отыр. Волонтерлер тобы күніне 150 бетперде тігуде. Олар қолдан жасаған бұйымдарын арнайы конвертке орап, полиэтилен қапшыққа салып таратуда. «Барлығы талапқа сай болуы тиіс», – дейді волонтерлер. Бұл бетперделерді әр 3-4 сағат сайын жуып, үтіктеп, қайта қолдануға болады. Белсенді жастар 4 күннің ішінде 400 бетпердені тегін таратқан.

Нұрбек Шүкірбаев, Ақтау қалалық әкімдігінің Қоғамдық даму орталығының маманы:

- Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, баршамыз осы коронавирусқа төтеп береміз деген ойдамыз. Сол үшін барша қазақ жұртын осынау қиын-қыстау уақытта сабырлы болуға шақырамыз.

Нұргүл Балбекова, Ақтау қаласының тұрғыны:

- Бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз қажет. Қандай қиындық болса да, бірге болуымыз керек. Қазір біз қастерлейтін ынтымақ пен береке ауадай қажет. Мына жастардың әрекетін көріп, сүйсініп қалдым. Игі істі бәріміз жалғастыруымыз керек.