Хабар телеарнасы

Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына азық-түлік толық көлемде жеткізіліп жатыр

Жетісу жерінде тұздан басқа әлеуметтік маңызы бар тауар түрлерінің бәрі өндіріледі. Облыс аумағында қазір 22 сүт зауыты жұмыс істеп тұр. Онда тәулігіне 700 тонна сүт және сүт өнімдері өндіріледі. Соның тең жартысы Алматы қаласына күнделікті жеткізіліп тұрады. Ал облыс карантиндегі шаһарды жұмыртқамен 108% қамтамасыз етіп отыр. Мәселен, өңірдегі 5 құс фабрикасы тәулігіне 3,5 млн жұмыртқа өндірсе, соның 1,5 млн данасы Алматыға тасымалданады. Сондай-ақ күніне 20 тоннадан астам ет пен 250 тонна құс еті карантин жағдайындағы қалаға жөнелтілуде.

Серікбай Ерназаров, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Сонымен қатар 25 тонна қызанақ, 36 тонна қияр Алматы қаласына күнделікті жеткізіліп тұрады. Бүгінгі күнге азық-түлік тауарларының дефициті байқалмады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен ауыл шаруашылығы тауарлары блок посттардан кедергісіз өте береді. Тек құжаттары түгел, дұрыс болуы шарт.