Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы Жібек Жолы ауылы маңына қойылған бақылау-өткізу бекетіне барды

Сондықтан екі қалаға кіріп-шығуға шектеу қойылды. Әзірге елорда тұрғындары мен қонақтары, шаһарға уақытша келіп-кете алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев карантинге жабылған қала қақпасын өзі барып көрді, жауапты органдарға тиісті тапсырмаларын берді.

Қала маңындағы бекеттердегі түнгі 00:00-де басталған қарбалас саябырсығанымен әлі тоқтаған жоқ. Қала карантинге жабылатынын естіген бойда мемлекеттік органдар да, халық та шұғыл қимылға кірісіп кетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жібек Жолы ауылы маңына қойылған бақылау өткізу бекетіне өзі барып, жағдаймен танысты. Бұл – елордадағы ең көп көлік өтетін бекеттің бірі.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

- Бұл – Қарағандыдан келетін жол, ең көп автокөлік кіріп шығатын жер. Барлығы толыққанды жұмыс жасап жатыр. Полиция қызметкерлері, әскерилер, медицина қызметкерлері бар. Түнгі 00:00-ден 3 мың көлік кірді, ол 6800 адамды болды.

Бекетте тәулік бойы жедел жәрдем қызметі, патрульдік полицейлер және әскерилер кезекпен қызмет етуде. Президент әсіресе медицина қызметкерлерінің пандемияға қарсы күрестегі ауыр еңбегін атап өтіп, алғысын да айтты. Ақ халаттылардың қажырлы еңбегін бағалап, еңбекақы мен сыйақыларын уақытылы әрі толық көлемде беруді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Дәрігерлер, медбикелер өте жақсы жұмыс істеп жатыр. Өте ауыр екенін түсінеміз. Оларға алғысымды айтқым келеді. Жалақы, премияны қосымша беріп, уақытысында төлеу керек.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Өткен айға 200% берді, әрі қарай да солай береміз. Сіздің қолдауыңыз дәрігерлерге маңызды.

Президент осындай қысылтаяң сәтте экономиканы басқарудың жаңа әдістерін әзірлеуді тапсырды. Өйткені еліміз кез елген қолайсыз жағдайға, тіпті аса күрделі ахуалға дайын болуы керек.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

- Сіздің тапсырмаңыз бойынша азық-түлікпен қамтамасыз етуді күшейттік. 47 мың тонна астық бар. Айлық норма 38 мың тоннаны құрайды. Қосымша қаражат бөлдік. 6 мың тонна ұн алдық. импорт мәселесімен айналысып жатырмыз.

Қасым-Жомарт Тоқаева карантин режимін қамтамасыз ететін қала әкімдігінің, денсаулық сақтау, ішкі істер органдарының, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық гвардияның әскери қызметшілерінің дайындығына оң баға берді.

Әзірге қалаға кіріп-шығуға шектеу қойылды. Ал наурыздың 22-сінен бастап бас шаһар толығымен жабылады. Яғни қала тұрғындарына үйлеріне оралуға, ал қонақтарға шаһардан шығып кетуге уақыт бар.