Хабар телеарнасы

Коронавирустан қалай қорғануға болады?

Вирусты жұқтырып алмау үшін қарапайым гигиенаны сақтау міндет. Мамандардың берген кеңесі: әрдайым қолды сабындап жуып отыру керек. Үйге кірген бетте сырт киімді шешпестен қолды 20 секунд сабындап жуған абзал. Содан соң сырт киімді шешіп, балконға бірнеше сағатқа шығарып қойыңыз. Вирусты күн сәулесі өлтіреді. Кейін тағы да қолыңызды жақсылап сабынмен жуыңыз. Ал далада жүргенде адам көп шоғырланған жерден аулақ болғаныңыз абзал. Арақашықтықты да сақтай біліңіз.

Рафаил Розенсон, аллерголог-иммунолог дәрігер:

- Бұл вирус ауа арқылы, яғни адам жөтелгенде, түшкіргенде жұға алады. Вирус жұқтырған адам бір затты қолымен ұстап, кейін дәл соны өзге адам қолына алса, коронавирус жұқтыру қаупі бар. Сондықтан өзіңізді қорғай алу үшін адамдардан 1 метр қашықтықта жүру керек. Мәселен, автобуста тұмаумен ауыратын адам түшкірсе, 90% вирус жұқтырады. Ал коронавирусы бар адам түшкірсе, тек маңындағыларға ғана тарайды. Сондықтан максималды түрде үйде отырған жөн. Балаларды да далаға шығармауға кеңес беремін. Тек үйде бөлмелерді әрдайым желдетіп отыру керек.

Риат Шони, тілші:

- Өзіңізбен бірге әрдайым майлық, яғни салфетка алып жүріңіз. Ол кеңседе немесе өзге жерлерде лифтіні шақырғанда керек болады. Яғни түймешекті осы майлық арқылы басып, лифтіні шақырыңыз. Тағы адамдармен қол алысып амандасуды да әзірге қоя тұру керек. Мамандар осындай кеңес береді. Өйткені вирус қол алысқанда да таралады. Ал егер бұрынғы әдетке салып амандассаңыз, міндетті түрде антисептик сеуіп, қолыңызды тазалаңыз. Немесе сабындап жуыңыз.

Рафаил Розенсон, аллерголог-иммунолог дәрігер:

- Қазір маскалар жеткілікті. Бағалары да әртүрлі. Барлығы жаппай сатып алып жатқан маскалардың сапасы жақсы, бірақ олар коронавирустан толық қорғайды деп айта алмаймын. Себебі оның көлемі кішкентай, вирусты өткізбеу қасиеті нашар. Сол себепті қарапайым тазалықты сақтаған жөн. Қолды сабынмен жуып, антисептиктерді пайдалану керек.

Елімізге осындай дерт келіп, төтенше жағдай жарияланғаны алғаш рет шығар. Наурыздың 19-ынан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантинге жабылады. Бұл – вирустың ел аумағында кеңінен таралып кетпеуі үшін қолға алынып жатқан шаралар. Бұл ретте психологтар қазақстандықтарға сабыр сақтауды кеңес етеді.

Мира Ысқақова, психология ғылымдарының докторы:

- Қазір біз мамандардың кеңесіне құлақ асып, дәрігерлер мен тәртіп сақшыларына сенуіміз керек. Білікті мамандар өз істерін атқарып жатыр. Үйде жатып алып байбаламға салынудың еш қажеті жоқ. Үрей тудыру жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Сондықтан ресми ақпараттарға ғана сенуге кеңес етемін.

Риат Шони, тілші:

- Білікті де білімді мамандардың ел тұрғындарына берер кеңестері осындай. Ал короновирусқа қатысты өзге де бір сұрақтар туындаса, 103 немесе 1406 телефон нөмірлеріне хабарласуға болады.