Хабар телеарнасы

Карантин жарияланғалы қалааралық такси құны шарықтап кетті

Елімізде төтенше жағдай енгізіліп, миллиондар тоғысқан 2 мегаполисте карантин жариялаған соң жүргізушілер осындай әккі әрекетке көшкен. Нұр-Сұлтаннан Павлодарға 5 мың теңгеге жеткізіп тастайтын таксилер енді 15 мың теңге сұрап тұр. Ал тұтас көлікті жалдау 40 мың теңге көлемінде.

«Миллион тұрғыны бар шаһар жұрты миллиондап таппайтыны белгілі ғой. Сондықтан мұндай ақы сұрау – бассыздық», – дейді жолаушылар.

Онсыз да коронавирустан үркіп жүрген халықты енді шопырлар шошытты. Видеодан ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланып, қаржыға қарық боламын деген жүргізушілердің арзан пиғылын көруге болады.

Бірлік Берікұлы, тілші:

- Қос қалаға енгізілген карантин режимінің өз күшіне енуіне санаулы сағаттар қалды. Бұл ретте халық сапаржайда сабылып, сандалып жүр. Себебі такси құны әдеттегі бағадан әлдеқайда қымбат. Тексермекке бел будық.

Жолаушы болып, жол жүрмек болдық. Байқағанымыздай такси аз. Адам көп. Әлеуметтік желіде такси құны 150 мың теңге деп тұрған соң, көлік жүргізушілерін іздедік.

Жүргізушілердің дәурені жүріп тұр. Айтқандары – заң. Қысқасы сапаржайдағы жағдай осындай. Баға екі есе өскен. Ал интернеттегі баға тіпті икемге келмейді. «Қала жабылса, қалып қоямыз», – деген халық 3 есе артық төлеуге мәжбүр. Ал адам баласын ізгілікке бейілдендіретін асыл дініміз қолдан жасалған қымбатшылықты құптамайтыны белгілі.

Нұрлан Рамазанов, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы:

- Біреудің қайғысына, халықтың басына түскен сын сағаттарда пайда мен мүддені емес, қолдан жасалған қымбатшылықты емес, барынша түсінікпен қарап, қолдан келгенше жәрдемдескен дұрыс. Қолдан жасалған қымбатшылдық шариғат тұрғысынан мұсылманға жарасатын іс емес және адамгершілік тұрғысынан жат қылық.

Қара халық «қала жабылады» деп қарбаласып жүр. Ауылдарына асыққан секілді. Себебі шығу қымбат, келу арзан. Әрине, жамағаттың жағасын ұстатқан бұл оқиға енді ұзаққа бармайтыны белгілі ғой. Алдағы уақытта шаһар қақпасына құлып салынады. Тек азық-түлік таситын көліктер өткізіледі.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Бекболат Базаров