Хабар телеарнасы

Медициналық қалдықтар залалсыздандырылмаған

Оған экология белсенділерінің әлеуметтік желіге салған бейнекөрінісі себеп болды.

Алматыдағы медициналық қалдықтарды өңдейтін және жоятын мекеменің қоқыс алаңында жүзден пайдаланылған бір реттік шприцтер жатыр. Бейне көріністерді экологиялық қоғамдық ұйымның белсенділері әлеуметтік желіде таратқан соң оқиға орнына экология, аудандық әкімшілік және табиғатты қорғау өкілдері барды.

Компаниядан бірнеше заңбұзушылық анықталып, 30 АЕК айыппұл салынды.

Талғат Қамбетов, Алматы қалалық Экология департаментінің бас маманы:

- Осы көрсетілген жайт бойынша тексерістер жүргізіп тұрамыз. Аудандық табиғатты қорғау полициясы тарапынан әкімшілік іс қозғалып, осы жайт бойынша әкімшілік жауапқа тартылып жатыр. Осындай жағдайлар қайталанбау үшін алдағы уақытта да нұсқаулар берілетін болады.

Тимур Елеусізов, экологиялық қозғалыс белсендісі:

- Біріншіден, бұл – айналаны ластау. Екіншіден, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар орындалмаған. Олар пайдаланылған медициналық құралдарды толықтай жоймаған. Себебі дәрі-дәрмегі бар шыны әйнекті залалсыздандыру үшін алдымен оны бір мың градус ыстықта ұстау керек. Ал біз мұнда медициналық қалдықтарды өңдеу толықтай жүргізілмегенін көріп отырмыз.