Хабар телеарнасы

Қоғамдық көліктердің санитарлық тазалығын бақылау күшейеді

Қазіргі уақытта облыс бойынша 18 жеке серіктестік жолаушы тасымалымен айналысады. Заң жүзінде олардың әрқайсысы автобус салонын тазалау қызметін ұсынатын арнайы мекемемен келісімшартқа отыруға міндетті. Қазір өкілетті органдар осы құжаттың бар-жоғын тексеруге кіріскен.

Жергілікті Денсаулық сақтау басқармасы да тиісті іс-шараларды қолға алып жатыр. Мәселен, Ақтаудағы туберкулезге қарсы диспансер ғимаратының бір корпусы босатылып, вирустық инфекцияға шалдыққан адамдарды қабылдауға дайын. Ал диспансерде бұрын болған науқастар өзге стационарларға бөлініп орналастырылды.

Ерғали Сыдыманов, Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы:

- Біз кезекті рет бақылау жүргізу арқылы қоғамдық көліктерде санитарлық тазалықтың сақталуына көз жеткіземіз. Әлгі 18 компания жергілікті санитарлық қызметте тіркеуде тұр. Мораторийға сәйкес жуық арада оларды тексеру жүргізілген жоқ. Енді осы серіктестіктердің автобус салонын тазалау қызметін көрсететін мекемемен келісімшартқа отырғаны тексерілетін болады. Бұл – вирустық инфекцияның алдын алу мақсатында жүргізілетін шаралар.

Әнуар Сағымбаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Облыстық туберкулезге қарсы диспансер ғимараты бірнеше корпустан тұрады. Оның біріне бастапқыда 200, кейін 280 төсек қойылды. Қажет болған жағдайда ол жерге науқастар жатқызылады. Диспансердің осы бөлігін провизорлық госпиталь деп атауға да болады. Мұнда коронавирус дерті кең таралған мемлекеттерде болып, ағзасынан сырқат белгілері табылған адамдар жіберіледі. Бұдан басқа өңірлік жұқпалы аурулар ауруханасынан да науқастар басқа стационарға көшіріліп, ғимаратқа қосымша реанимациялық кереуеттер қойылды.