Хабар телеарнасы

Көліктік бақылау инспекциясының басшысы пара алды деген күдікпен ұсталды

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері хабарлады. Күдікті жүк көліктерін кедергісіз өткізіп, жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғандарына көз жұмғаны үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде жылу жинаған. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ БҚО-да патрульдік полиция батальонының инспекторлары жүргізушілерден жүйелі түрде пара алғандары үшін ұсталды.

Данияр Бигайдаров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аға тергеушісі:

- Республикалық маңызы бар тасжолдарда жол қозғалысы ережесін бұзуда әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін жүргізушілерден жүйелі түрде пара алды деген күдікпен ұсталған топқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

Сондай-ақ Атырау облысында жаңа туған сәбиді тоңазытқышта қалдырған дәрігерлердің ісіне қатысты сот үкімі шықты. Ұлттық бюро өкілдерінің айтуынша, оқиғаға кінәлі деп танылған облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқынан айырылып, 5 млн теңге айыппұлмен құтылды.

Данияр Бигайдаров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аға тергеушісі:

- Аймұрзиева «Атырау облыстық перинаталдық орталығы» ММ-іне қарасты тиісті шараларды қолданбаған. Өз жұмысына салғырт қараған. Соның салдарынан соңғы жылдары перзентханада жаңа туған нәрестелердің өлімі жиі тіркеліп, инфекция тараған.