Хабар телеарнасы

Еліміздің солтүстігі мен шығысында күн күрт жылынады

«Бұл су тасқыны қаупін күшейтеді», – деп болжайды мамандар. Ең қауіпті кезең Наурыз мерекесіне тұспа-тұс келеді. Қар көп түскен өңірлер ерекше бақылауда. Олар: Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстары. Мамандардың айтуынша, жағдай күрделі. Елордада 7 шағын ауданды, қала маңында 40 елді мекенді су басуы мүмкін. Құтқарушылар «Қазгидромет», Экология министрлігі және жергілікті әкімшілікпен тығыз жұмыс істеуде. Мамандар: «Тұрғындар үй ауласы мен арықтарды қар және қоқыстан тазалағаны дұрыс», – дейді.

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Ертеңнен бастап осы аптаның аяғына дейін ауа райы күндізгі уақытта 5°С-қа дейін жылы болады деп болжануда. Түнде аяз түседі. Демек қар бірден еріп кетпейді. Жалпы көктемгі тасқынның алдын алуға министрлік тарапынан 9 мың адам мен 1700 техника дайындалды. Егер қажеттілік болса, оңтүстіктегі құтқарушыларды Шығыс және Орталық Қазақстанға алдыртамыз. Басқа өңірлер бойынша да осындай шара көзделген.

Қостанай облысында 99 елді мекенді су басуы мүмкін. Онда 10 мыңдай адам тұрады. Облыстың оңтүстік аудандарында наурыздың ортасында қар ери бастайды. Солтүстігінде сәуір айында су басуы мүмкін. Шұғыл штаб мүшелері қауіпті аумақтарды жоғарыдан шолып шықпақ. Одан соң Тобыл, Аят, Қарасу өзендерінде мұз жару басталады. Өңірде қардың орташа қалыңдығы – 60 см, кей жерде 1 метрге жетеді.