10:00Әрі қарай: Кино «Глаза дракона»
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Коронавирус эпидемиясы маусым айына дейін жалғасуы мүмкін

  • Категория: Қоғам
Koronavirus epidemiasy

Мұны Қытайдың Денсаулық сақтау жөніндегі мемлекеттік комитетінің өкілі мәлімдеді.

Алайда Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мамандары: «Жұқпалы індет өздігінен кетеді деп үміттенбей, әрекет ету керек», – дейді.

Ұйым мәліметінше, қазір COVID-19 вирусы 100-ден астам елге тарап, 100 мыңнан астам адамға жұққан. Соңғы ақпаратқа сай коронавирус Болгария, Коста-Рика, Молдова, француздық Гвиана, Мальдив, Мальта, Фарер аралдарына да жетті.

Италияда эпидемияның өршуіне байланысты ел аумағында карантин жарияланды. Оқу орындары, мұражайлар, кітапханалар сәуірге дейін жабық. Мұнда вирусты жұқтырғандар 9 мыңнан асып, 500-дей адам көз жұмды. Құрбандар саны бойынша Қытайдан кейін ІІ орында.

Джузеппе Конте, Италия премьер-министрі:

- Әркім өз үйінде отырсын. Бүгінгі жағдай сондай. Қауіп төніп тұрған шақта сақтануға тура келеді. Бұдан былай азаматтар ем-дом алу үшін жұмыс бабымен және төтенше жағдайда ғана басқа қалаларға бара алады. Қоғамдық орындарда, дәмханаларда бас қосуға тыйым салынады.

Еуропада коронавирустан көз жұмғандардың саны артып барады. Германияда кемінде 2 адам қайтыс болды. Инфекция белгілері 1 мыңнан астам адамда табылып отыр. Ал Испанияда коронавирустан кемінде 25 адам көз жұмды. Мұнда да науқастардың саны 1 мыңға жуықтаған. Ұлыбританияда дерт 300-ден аса адамда анықталған. Лондондағы дүкендерде тұрғындар азық-түлік сатып алып қамданып жатыр. Сөрелер бос тұр.

Израильде шетелден келгендердің барлығы14 күн карантинде болуы тиіс. Жаңа ереже ел тұрғындарына да, өзге елде жүргендерге де қатысты болмақ. Оны бұзғандар қылмыстық жауапқа тартылады. Қазірдің өзінде 9 іс қозғалды. Соңғы мәліметке сай мұнда дертке кемінде 42 адам шалдыққан.

Ал Қытайда жағдай тұрақтала бастады. Соңғы тәулікте дерттен 17 адам көз жұмып, тағы 19 тұрғын ауруға шалдыққан. 50 мыңға жуығы емделді. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ухань қаласында ашылған уақытша ауруханалар жабылды. Алайда коронавирус пандемияға айналады деген үрей күшейіп келеді.

Тедос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ бас директоры:

- Коронавирус жұқтырғандардың саны өсіп келеді. Індет тез тарап кетті. Сондықтан пандемия қаупі күшейді. Бірақ оны бақылауға алуға болады. Барлық мемлекет өз аумағында дерттің таралуына жол бермеуі керек. Қытайда ауруға шалдыққандардың 70% емделіп шықты. Дертті жеңіп шығатынымызға сенімдімін.

Әлемде вирусты жұқтырғандар саны 110 мыңнан асты. Жұқпалы дерт 104 мемлекетте анықталып отыр. Осы ретте Алматы халықаралық әуежайы қазақстандықтарға 70 мемлекетке бармауға кеңес берді. Ал 12 наурыздан бастап Германия, Франция және Испания азаматтарына елге кіруіне тыйым салынады.

Авторы: Меруерт Жақан

Сондай-ақ...