Хабар телеарнасы

Тарихшылар ҰОС-қа қатысқан оралдық 22 қазақ қызының есімін анықтаған

Ұлы Отан соғысында Әлия мен Мәншүктің аты аңызға айналса, қаһарман қыздардың қатарына кейін Хиуаз Доспанова қосылды. Батыстан шыққан батыр қыздардың саны мұнымен шектелмейді.

Тарихшы ғалымдардың зерттеуінше, Отан үшін от кешкен оралдық 22 қазақ қызының есімі белгілі. Биыл 97 жасқа келген Рәбиға Зайнуллина – солардың бірі. Өз еркімен соғысқа сұранған қайсар қыз әуелі жаралыларды құтқарса, кейін зенитші, одан соң байланысшы болыпты.

Рәбиға Зайнуллина Шежін ауылында 1923 жылы дүниеге келіпті. 17 жасында ауылдасы Ізім Зайнуллинге тұрмысқа шыққан. Өзі колхозда есепші болыпты. Бірақ жас жұбайлардың қуанышы ұзаққа созылмайды. Алдымен күйеуін әскерге алса, артынша Рәбиға апай да соғысқа сұраныпты. «Майданға аттануыма намыс түрткі болды. Үйде үш қыз едік. Інім 11-де. Көрші әйелдің ата-анама «сіздің үйден соғысқа баратын ешкім жоқ қой», – дегені жаныма батты», – дейді кейуана.

Рәбиға Зайнуллина, ҰОС ардагері:

- «Зайнуллина» болып жазылған жоқпын. «Шафиева» болып, әкемнің атағына жазылдым. Себебі әкем өлсем, «қызым соғыста өлді», жараланып келсем, «қызым мүгедек болып келді» деп айтады ғой.

Гурьевтегі медициналық курсты бітіргеннен кейін Рәбиға апамыз Астрахань арқылы Сталинград майданына жіберіледі. Қала немістердің қоршауында болған. «Біз барғанда қар қалың еді. Жердің беті адам сүйегіне толы болғанын көктемде көрдік», – дейді ардагер. Көп ұзамай майдан шебі батысқа жылжиды. Михайловка қаласындағы әскери госпитальге қалуды өтінгенмен, Рәбиға апамыз оған көнбейді. Алғы шепке зенитші болуды жөн санайды.

Рәбиға Зайнуллина, ҰОС ардагері:

- Бір пулемет емес, 4 пулемет. Екі пулемет бір иықта, екі пулемет екінші иықта.

Керчь түбіндегі шайқаста бомба жарылысынан контузия алған Рәбиға Зайнуллина кейін байланысшы болады. Елге аман-есен оралып, жан-жарымен қайта қауышады. Еселі еңбек етіп, екі қыз өсіріп, бүгінде ондаған жиен немере-шөбере, 2 шөпшек сүйіп отыр. Жалпы Ұлы Отан соғысына елімізден 6 мыңдай қыз-келіншек аттанған екен.

Бақтылы Боранбаева, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Облыстық архив қорында «Подольск мергендер мектебін Орал облысынан 300 қыз бітіріп шықты» деген дерек бар. Сонымен бірге архив қорында 1943 жылдың сәуір айында Казталовка әскери комиссариаты 35 мерген қызды дайындағаны жөнінде дерек бар. Осындай деректерге сүйене отырып, БҚО-дан шамамен 1000-1100 қыз-келіншек қатысқанын сеніммен айта аламыз.

Осының ішінде 17 қазақ қызының есімі бұрыннан белгілі. Кейінгі жылдары тағы 5 арудың аты анықталды. 3-еуінің өмірбаяны зерттелді. Ал шын мәнісінде ел басына күн туғанда қолына қару алған қазақ қыздарының саны одан әлдеқайда көп екені күмән туғызбайды.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов